Кентау қаласының 70 жылдық мерейтойына орай, “Кентау зияткерлік орталығы” шахмат клубында классикалық шахматтан республикалық турнир өткізілді.
Шымкент, Қызылорда және Түркістан облысының аудан-қалаларынан 60-қа жуық шахматшы қатысып, 5 күн бойы үздік ойын көрсетті.
Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген шахматшылар ақыл-ой сайысына түсіп, өз шеберліктерін паш етті. Жоғары деңгейде өткен тартысты турнирде шебер ойыны мен табандылығын көрсете білген кентаулық спортшылар жоғарғы көрсеткішке ие болды.
Атап айтқанда қыздар арасында кентаулық Асел Амангелді 1-орын, Ясина Аширбекова 2-орынды иеленсе, Шымкент қаласынан қатысқан Айлин Есенбек 3-орынға ие болды. Ұлдар арасынан кентаулық Алижан Алиакбар 1-орын, Диас Аманбек 2-орынды жеңіп алды. Түркістандық Ерасыл Берденұлы 3-орынды иеленді.
Жеңімпаздар мен қатысушыларға Кентау қаласы әкімдігінің бағалы сыйлықтары мен дипломдар табыс етілді. Турнир жас зияткерлердің басын қосып, шахмат ойынының дамуына тың серпін берді.