
Тұрсынбаев Берік Жанділдаұлы – өз ісінің нағыз шебері. Еңбек жолын 1988 жылы қарапайым электрик қызметінен бастаған ол бүгінде «Жасыл қала» КММ-де ағаш ұстасы ретінде қаламыздың көркеюіне сүбелі үлес қосып келеді.
Берік Жанділдаұлының ұқыптылығы мен жауапкершілігі оның атқарып жүрген ісінен айқын байқалады. Қала аумағындағы аллеялар мен саябақтардағы орындықтар, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы ойын алаңшалары – бәрі де оның қолтаңбасын айғақтап тұр. Қай жерде ақау болса да, дереу қалпына келтіру – бұл кісінің күнделікті дағдысына айналған.
Сонымен қатар қала көшелеріндегі ағаштар мен гүлзарлар қоршауын ретке келтіру жұмыстарына да белсене араласып, қаланың сән-салтанаты арта түсуіне ықпал етуде. Өз ұжымында ерекше сыйлы, әріптестерімен тіл табыса білетін, еңбекқор әрі жанашыр маман ретінде құрметке ие.
Берік Жанділдаұлы - қоғамдық жұмыстарда белсенді, жауапкершілігі жоғары, кәсіптік шеберлігі шыңдалған, үлгілі отбасы иесі. Мұндай жандар – қаламыздың нағыз тірегі.