Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова ардагер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі және Қазақ журналистикасының қайраткері, Кентау қаласының құрметті азаматы Рысты Атабекқызының шаңырағында болып, ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің «Еңбек ардагері» төсбелгісін табыс етті.
«Сіздің тек журналистика саласында ғана емес, мемлекеттік салада да атқарған еселі еңбегіңізді ел біледі. Зейнеткерлікке шыққан сәтте де қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өскелең ұрпаққа өнегелі істеріңізбен үлгісіз» деген Ақнұр Нұралықызы алғыс білдірді.
Еңбегін бағалаған елге ризашылығын білдірген ардагер ана, елдің амандығын, халықтың бейбітшілікте өмір сүруін тілеп, ақбатасын берді.
Рысты Атабекқызы - 1943 жылдың 1 мамыры күні Түркістан қаласына қарасты ІІІ Интернационал колхозының Ақтөбе бөлімшесінде шаруа отбасында дүниеге келген. 16 жасынан «Кентау правдасы» газетінде, одан кейін корректор болып жұмыстан қол үзбей жүріп, 1960 жылы №15 кешкі жұмысшы-жастар мектебінде оқып бітірді.
1960-1962 жылдары Шоқтас елді мекенінде колхозшы болып жұмыс істеп, екі жылдық еңбек өтілмен Шымкент педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түсіп, 1967 жылы бітіріп шықты. Тарих-қоғам тану, заңтану мамандығы бойынша жұмыс істеді.
Жалпы еңбек өтілі – 59 жыл. Оның 2 жылы – «Кентау правдасында, 2 жылы колхозшы, 27 жылы – білім саласында пионер вожатыйлықтан бастап, бастауыш сынып мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі, 5 жыл мектеп директоры, 3,5 жыл – селолық кеңестің төрайымы, ауыл әкімі қызметтерін атқарған.
1993 жылы 50 жасында зейнет демалысына шыққан. Күні бүгінге дейін түрлі салада «Қайнар» құс фабрикасының қарауылы, «Кентау шұғыласы» газетінде редактордың орынбасары, «Икар» телеарнасында тілші, Республикалық «Қаратау тәжі» газетінің бас редакторы, «Ғасыр» газетінің аймақтық тілшісі, Кентау қаласы әкімінің баспасөз хатшысы, республикалық танымдық, саяси-қоғамдық «Ғасыр газетінің тілшісі, т.б қызметтер атқарды.
Тәлімі мен тәрбиесі мол тақырыптарда жазылған 40-тан астам кітабы жарық көрді. Солардың ішінде «Аяқталмаған күнделік», «Ащысай түсті металл» комбинатының тарихы», «Көп жас», «Менің күнді сексенінші рет айналуым», Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай жазылған «Кентау» кітабы, «Қазақстан Республикасы мәслихаттарына - 20 жыл», «Қазақстан полициясына – 20 жыл», «Алаштың бір асылы – Сұлтанбек Қожанов» т.б кітаптарды жазып шығарған. Бірнеше марапаттардың иегері. Ақжаулықты әже бүгінде немере, шөбере сүйіп шаңырақтың ұйытқысы болып отырған аяулы ана.