Кентау қаласы «Ащысай су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының қызметкері Марат Бимурзаев, 2009 жылдан бастап осы салада еңбек етіп келеді. 15 жылдан астам уақыт бойы ол кәріз жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуде. Қазіргі таңда кәріз станциясының учаске басшысы қызметін атқарады.
Марат Мұсаұлының айтуынша, бұл сала сырт көзге білінбегенімен, ауырлығы мен жауапкершілігі жоғары қызмет. Кәріз жүйесіндегі ең үлкен қиындық — иіс пен жүйенің жиі бітелуі.
«Біз күнде осы жүйенің ішінде жүрміз. Біреулердің тастай салған қоқысы, басқалар үшін үлкен қиындық. Кәрізге пластик, шүберек, құрылыс қалдықтары сияқты заттар тасталады. Бұл — бізге де, тұрғындарға де зиян», — дейді еңбек иесі.
Кәріз жүйесі — қоқыс жәшігі емес. Ондағы артық қалдықтар құбырларды бітеп, апатты жағдайларға алып келеді. Соның салдарынан бүкіл қала тұрғындарының тұрмыс сапасына әсер етеді деген еңбек адамдары, барша тұрғындарды ұқыптылыққа шақырады.