Қалада тұрғындардың қауіпсіздігіне қатысты маңызды кездесу ұйымдастырылды. Кентау қаласының әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен шараға, қалалық прокуратурасы, қалалық полиция бөлімі, сондай-ақ қалалық төтенше жағдайлар бөлімі мен білім бөлімі, қалалық жастар ресурстық орталығы қатысты.
Кездесуді қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова ашып, тұрғындарға өзекті мәселелер жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
Жалпы кездесуде бірқатар мәселелер көтерілді.
Балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу - Жаз мезгілінде мұндай оқиғалар жиілейтіндіктен, ата-аналарға сақтық шараларын сақтау, терезелерге қорғаныш тор орнату қажеттілігі ескертілді.
Су айдындарындағы қауіпсіздік - Шомылу маусымы кезінде суға түсудің қауіпсіз тәртіптері мен судағы төтенше жағдайлардың алдын алу жолдары түсіндірілді.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу - Жол қозғалысы ережелерін сақтау, жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің міндеттері, балалардың жолда жүру мәдениетін қалыптастыру мәселелері қозғалды.
Орман және дала өрттерінің алдын алу - Құрғақ әрі ыстық кезеңде табиғи өрттердің алдын алу, ашық алаңда от жақпау, тұрмыстық қалдықтарды бақылаусыз тастамау жөнінде ескерту жасалды.
Мамандар тұрғындарға нақты ұсыныстар беріп, түрлі сұрақтарға жауап берді. Мұндай кездесулер қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған.
Қауіпсіздік – баршамыздың ортақ міндетіміз. Әр азамат өз өмірі мен айналасындағылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы қажет.
Бұл бағыттағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.