КЕНТАУДА ОБЛЫСТЫҚ СУРЕТШІЛЕР БАЙҚАУЫ ӨТТІ

КЕНТАУДА ОБЛЫСТЫҚ СУРЕТШІЛЕР БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Кентау қаласы Хантағы ауылы «Қаратау» ұлттық қорығында Кентау қаласының 70 жылдығына арналған «Кентау-70 жыл» облыстық суретшілер симпозиумы байқауы ұйымдастырылды.

Қаратаудың алтын тәжі, қазыналы мекенде табиғаттың тылсымы мен сұлулығына тамсанып, сол арқылы шығармашылықтың шыңына жетуді көздеген он төрт ауданнан келген қылқалам шеберлері бақ сынады.

Шараның мақсаты - Кентау қаласының 70 жылдық мерекесін атап өту барысында өңірдің көркем табиғатын облыс көлемінде таныту, «Қаратау» қорығының табиғатынан шабыт алған кәсіби суретшілерге жаңаша тыныс сыйлау, қазіргі қылқалам шеберлеріне қолдау көрсету, бейнелеу өнерінің дамыту, тың серпіліс беріп жандандыру болатын.

Симпозиум екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезең бойынша Суретшілер симпозиумға өздері алдын ала салынған кез келген тақырыптағы дайын 2 туындысын ұсынды. Олар көрме ретінде қойылды. Алдын ала салынған екі суреттің бірі міндетті түрде Түркістан облысының табиғаты бейнеленген болуы ескерілді.

Екінші кезең бойынша қатысушылар «Қаратау» қорығының табиғатын өздері қалаған сурет салу техникасын қолдана отырып берілген уақыт ішінде біріңғай А2 форматтағы қағазға салып ұсынды.

Қазылар алқасының құрамында Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының «Халық шығармашылығын қамтамассыз ету» бөлімінің жетекшісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі» Зағипа Өмірзақова, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ҚР суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Дизайнерлер Одағының мүшесі Мұрат Шаханбаев, ҚР суретшілер Одағының мүшесі Омар Бабажанов төрелік етті.

Байқау нәтижесі бойынша Бас жүлдені Шардара ауданынынан келген суретші Санжар Тоқсанбаев, I орынды - Кентау қаласынан Болат Исабеков,

II орынды - Түркістан қаласы Серік Кинабаев және Отырар ауданынан Мәлік Әділхан иеленді. III орынды Кентау қаласынан Али Рысымбетов, Арыс қаласынан Сымбат Асылбай, Түлкібас ауданынан Нұржан Ахылбеков өзара бөлісті.

Байқауға қатысушы барлық жеңімпаздар қаржылай сыйлықтармен марапатталды.