КЕНТАУДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ “ХАЛЫҚ ЗАҢГЕРІ” АКЦИЯСЫ ӨТТІ

КЕНТАУДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ “ХАЛЫҚ ЗАҢГЕРІ” АКЦИЯСЫ ӨТТІ
Аталған шараның басты мақсаты — азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықтық көмекке мұқтаж тұрғындарға жедел әрі сапалы кеңес беру.
 
Іс-шара аясында тәжірибелі заңгерлер, адвокаттар, нотариустар мен медиаторлар, сондай-ақ құқық қорғау органдарының, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қала тұрғындарын қабылдап, олардың құқықтық сұрақтарына жан-жақты жауап берді. Кеңес беру барысында жылжымайтын мүлік, жер қатынастары, әлеуметтік көмек, алимент, зейнетақы мен жәрдемақы, еңбек даулары және өзге де маңызды мәселелер қаралды.
 
Келушілер көптеген көкейкесті сұрақтарына заң аясында нақты жауаптар алып, кейбірі сол жерде-ақ оң шешімін тапты. Мамандар күрделі жағдайларда қандай қадамдар жасау керектігін түсіндіріп, қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмектесті.
 
Шараға қатысқан облыстық және қалалық деңгейдегі мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдарының өкілдері мұндай бастамалардың қоғам үшін маңызын ерекше атап өтті. Олардың айтуынша, азаматтардың құқықтық сауатын арттыру — құқықбұзушылықтардың алдын алудың тиімді жолы.
 
“Халық заңгері” акциясы билік пен халық арасындағы байланысты күшейтіп, өзара сенімді арттырады. Сонымен бірге, тұрғындардың мемлекеттік органдардың қызметі туралы нақты мәлімет алуына, өз құқықтары мен міндеттерін жақсы түсінуіне ықпал етеді.
 
Айта кету керек, қала тұрғындары осындай акциялардың тұрақты түрде өткізіліп тұруын қалайтындарын жеткізіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.