
Кентау қаласындағы стратегиялық маңызы бар нысан - №5 Жылу энерго орталығын ауқымды реконструкциядан өткізу міндеттері басшылықтың бақылауында. Қала тұрғындарын жылумен қамту мақсатында мекеменің қазандықтарын жаңарту, турбогенераторын жөндеу, магистральды жүйелерін қалпына келтіру, қосалқы станцияларының қалыпты жұмысын қамтамасыз етуде кешенді жұмыстар қолға алынды. Бұл міндеттердің атқарылуы партия өкілдерінің жіті қадағалауында болып, партияның облыстық филиалы «Кентау сервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жұмысын жүйелі назарында ұстап келеді.
Партия бақылауына алған нысанның дайындығын кезекті мәрте зерделеуден өткізуде «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев аса ауқымды өндірістік кешеннің құрамдас бөлігі болып табылатын ішкі орам жылу жүйелерін қайта құру жұмыстарының барысын қадағалады. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының басында жүрген жауапты азаматтармен кездесіп, жұмыс барысын талқылады, өндірістік мәселелер бойынша пікір алмасты.
Айта кету керек, қазіргі таңда кәсіпорындағы ауқымды реконструкциялық жұмыстар шеңберінде, ішкі орамдық жылу жүйелерін қалпына келтірудің бірінші және екінші кезеңдері бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары қатар атқарылуда. Жобаны іске асыруға жұмылдырылған құрылыс бригадалары бірінші кезең аясында жалпы ұзындығы 22,2 шақырымды құрайтын жылу жүйелерін қайта жаңарту міндеттерін атқаруда. Осы жұмыстар шеңберінде тозығы жеткен жер асты жылу құбырлары демонтаждалып, орнына жаңа құбырлар орнатылуда. Дәл осындай жұмыстар екінші кезең бойынша да атқарылып, жалпы ұзындығы 44,8 шақырым болатын жылу желілері жаңартылуда.
Партияның облыстық филиалының төрағасы құрылыс алаңында жүріп жатқан қызу жұмыстарды қадағалау барысында жергілікті тұрғындармен де кездесіп, сұхбат құрды. Жылу жүйелерін жаңарту жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын айтты, аулалардың бүлінуіне байланысты уақытша қолайсыздықтар туындап жатқанына сабырмен қарауға шақырды. Ішкі жүйелерді қалпына келтіру жұмыстарын жылыту маусымы басталғанға дейін толығымен аяқтау жоспарланғаны түсіндірілді, қазылған шұңқырлар жылу жүйелері сынақтан өткізілгеннен кейін барып толық жабылатыны айтылды.
Жылу желілері орнатылған аймақтар тегістеліп, үй аулалары қайта қалпына келітірілетініне сенім білдірді.
Атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарына көңілі толатынын білдірген азаматтар, Кентау қаласының тұрғындары биылғы қыстан қысылмай шыққанын айтты, қалада жылу беру ісі оңалып келе жатқанына қуаныштарын білдірді.