КЕЛЕС ЖОЛДАРЫНДАҒЫ СЕРПІНДІ ҚОЗҒАЛЫС: ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАҢҒЫРУ ҮСТІНДЕ
Келес ауданында автожол инфрақұрылымын дамыту — әлеуметтік-экономикалық өрлеудің басты тіректерінің бірі. Осы бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүйелі түрде атқарылып келеді.
Ащыкөл – Қалғансыр бағыты жөнделуде
Аудандық маңызы бар жолдарды жақсарту жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, Жамбыл ауылдық округіндегі Ащыкөл – Қалғансыр елді мекендерін жалғайтын 6,8 шақырымдық жолға орташа жөндеу жүргізілуде. Мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде таңдалған “Altai Building LTD” ЖШС мердігер мекемесі асфальт төсеу жұмыстарын бастап кетті.
Аталған жөндеу нәтижесінде аудандық маңызы бар жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесі 95,3%-ға жетіп, 124,4 шақырымды құрайды.
«Ауыл – Ел бесігі»: 33,9 шақырым жол жөнделеді
Аудан аумағындағы елді мекендер ішіндегі көшелер де назардан тыс қалмайды. 2025 жылға жоспарланған қаржы аясында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы арқылы 1,1 млрд теңге бөлініп, 21 ішкі көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл – жалпы ұзындығы 33,9 шақырым болатын жол желісі.
Наурыз көшесі мен Ш.Тұрсынбаев көшесіне тас төселуде
Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстарының белсенді кезеңі басталып кетті. Қошқарата ауылдық округіндегі Алғабас елді мекенінің Наурыз көшесіне, сондай-ақ Жамбыл ауылдық округінің Ш.Тұрсынбаев көшесіне мердігер мекемелер жол негізін нығайту мақсатында шағал тас төсеу жұмыстарын жүргізуде.
Жол – ел дамуының күретамыры
Жол сапасы — жайлылық пен қауіпсіздіктің кепілі. Осы орайда, Келес ауданында жол инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңғыртып келеді. Атқарылып жатқан жұмыстар – өңірдің өркендеу жолындағы нақты қадам болып табылады.
(с) Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі