Құрметті Келес ауданының тұрғындары!
Сіздерді адамзат тарихындағы ең қасіретті, алайда ең ұлы Жеңістердің бірі – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
1945 жылдың 9 мамыры – дүниені қараңғылық пен жауыздықтан құтқарған қасиетті күн. Бұл күн – майдан даласында қан төккен батырлардың, тылда тынымсыз еңбек еткен ардагерлердің, бейбіт өмір үшін жанын қиған ерлердің ерлігіне тағзым ететін күн. Бүгін біз, олардың өшпес ерлігі мен асқақ рухының арқасында, тәуелсіз, бейбіт елде өмір сүріп отырмыз.
Өкінішке орай, арада сегіз онжылдық өтсе де, уақыт өз дегенін алып, Келес ауданында соғыс майдангерлері қалмады. Бірақ біз үшін олардың жарқын бейнесі – мәңгілік. Олардың жанқияр ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Ұрпаққа үлгі болып қала береді.
Бүгінде ауданымызда Ұлы Жеңіске өзіндік үлес қосқан тыл ардагерлері өмір сүруде. Олар сол бір сұрапыл жылдары ер азаматтармен қатар елдің ауыр жүгін көтеріп, жан аямай еңбек етті. Олардың қажырлы еңбегі мен рухани табандылығы – Отанға деген нағыз сүйіспеншіліктің айқын көрінісі.
Мемлекетіміз бұл ерлікті ешқашан ескерусіз қалдырмайды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 28 сәуірдегі Жарлығы негізінде тыл ардагерлеріміз “Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл” мерекелік медалімен марапатталды. Бұл – еліміздің өткенге деген құрметінің белгісі, батырларға тағзымының дәлелі.
Ұлы Жеңіс – тек тарихи оқиға ғана емес, бұл – әр отбасының, әр жүректің тарихы. Осы мерекелі күні баршаңызға зор денсаулық, бейбіт өмір, отбасылық амандық, береке-бірлік тілеймін! Батыр бабаларымыздың ерлігі мен елге деген адал қызметі ұрпақ жүрегінде әрдайым сақтала берсін.
Ізгі тілекпен,
Келес ауданының әкімі
Жәнібек Ағыбаев