КЕЛЕС: ТЫЛ ЕРЛЕРІНЕ ТӨСБЕЛГІ ТАБЫСТАЛДЫ
Келес ауданының Ақтөбе ауылдық округінде орналасқан «Қазыналы қария – Тең қоғам» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай мерекелік іс-шара ұйымдастырды.
Шараға Келес ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Даурен Сариев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шералы Сәрсенұлы арнайы қатысып, орталық қызмет алушыларын айтулы мерекемен құттықтады.
— Бұл – тарих төрінен орын алған, әрбір қазақстандықтың жүрегінде терең орын алған қасиетті күн. Жеңіс жолында жанын қиған боздақтар мен елде еңбек еткен тыл ардагерлерінің ерлігі – өшпес дастан, ұрпаққа үлгі. Мемлекетіміз қашанда ардагерлерге ерекше құрмет көрсетіп келеді. Ел Президентінің Жарлығымен «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалімен марапатталуыңыз – осы құрметтің жарқын көрінісі. Сіздерге зор денсаулық, амандық, ұзақ ғұмыр тілеймін, - деді Даурен Сариев.
Іс-шара барысында 100-ден астам зейнеткер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар кең дастархан басында бас қосып, тыл ардагерлеріне ҚР Президентінің 2025 жылғы 28 сәуірдегі Жарлығы бойынша “Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл” мерекелік медалі мен сыйлықтар табысталды.
Айта кетейік, Келес ауданындағы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы шалғай ауылдарда тұратын егде жастағы қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға күнделікті медициналық, әлеуметтік және мәдени бағыттағы қызметтер көрсетеді. Мұнда күн сайын 40-қа жуық азамат түрлі емдік-сауықтыру шараларына қатысады. Терапевт кеңесі, массаж, тұз шахтасы, психолог көмегімен қатар, үстел ойындары мен кітапхана да тұрғындар игілігіне жұмыс істеуде.

Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі