БАТЫРЛАР ЕРЛІГІ — ҰРПАҚ ЖАДЫНДА: ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ 80 ЖЫЛ
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – бұл тек тарихи дата ғана емес, бүкіл адамзатқа бейбіт өмір сыйлаған батыр бабаларымыздың ерлігін ұлықтайтын рухани жаңғыру кезеңі. Осы мерейлі дата аясында еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі тағылымы терең іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Осындай мазмұны мен мәні зор мерекелік жиындардың бірі Келес ауданында өтті.
«Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісім шарты әскерінің тобы ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің Келес аудандық филиалының бастамасымен өткен «Батыр бабаларымыздың ерлігіне тағзым» атты мерекелік іс-шарада соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің қайсарлығы, Отан алдындағы адалдығы мен ерен еңбегі ерекше құрметпен аталып өтті.
Мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Сариев Даурен Нұрланұлы арнайы қатысып, ардагерлерді Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады. Ел үшін от кешкен азаматтардың ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын айта отырып, бірқатар ардагерлерге алғыс хаттар табыстады.
Сонымен қатар, «Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісім шарты әскерінің тобы ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тастанов Бақыт Сабденұлы да бірлестік белсенділеріне арнайы алғыс хаттар тапсырып, олардың қоғамдағы белсенді еңбегін атап өтті.
Іс-шараға «AMANAT» партиясының Келес аудандық филиалының атқарушы хатшысы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауыл билері мен ауыл тұрғындары да қатысты. Шара барысында соғыс жылдарындағы халқымыздың төзімділігі мен тылдағы ерен еңбегі, жас ұрпаққа үлгі боларлық батырлық шежірелері баяндалды.
Бұл күн — ел бірлігін, бейбіт өмірдің қадірін ұғындыратын, бабалар аманатын ұрпаққа жеткізетін тарихи сәт. Жастарға рух беріп, отансүйгіштік қасиетті дәріптейтін мұндай тағылымды жиындар ардагерлерге деген құрметтің айғағы ғана емес, елдің рухани иммунитетінің де көрсеткіші.
Мерекелік жиын барысында патриоттық әндер шырқалып, ардагерлердің құрметіне арналған шағын концерт те ұйымдастырылды. Бұл — өткенді ұмытпай, келешекке тағылым берудің жарқын үлгісі.
Батыр бабаларымыздың ерлігі — мәңгілік. Ол ұрпақ санасында, жүрегінде сақталады. Ұлы Жеңістің рухы — елдік пен ерліктің асқақ символы.

Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі