КЕЛЕС АУДАНЫНДА ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ
Келес ауданында жол сапасын арттыру және көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аудан әкімінің орынбасары Мақсат Тұрдиев 2023–2024 жылдары аудан аумағында жол жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер мекемелермен жиын өткізіп, кепілдік мерзімі аясында орындалуы тиіс міндеттерді пысықтады.
Сонымен қатар, 2025 жылға жоспарланған жұмыстар да жауапты бөлім өкілдерімен бірге жан-жақты талқыланды. Жиын барысында Мақсат Тұрдиев жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес әрі сапалы орындалуы тиіс екенін атап өтіп, бұл бағыттағы бақылау тұрақты болатынын ескертті.
Ағымдағы жылы Келес ауданында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы құны 1,1 млрд теңгеге бағаланған орташа жөндеу жұмыстары басталды. Аталған жұмыстар аудан көлеміндегі 33,8 шақырым жолды қамтып, 21 ішкі көшеде жүргізілуде. Жобаларды 2025 жылдың үшінші тоқсанында толық аяқтау жоспарланған.
Жалпы, Келес ауданы бойынша республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекен ішілік көшелердің ұзындығы 1173 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда осы жолдардың шамамен 66 пайыздан астамы жақсы және қанағатты жағдайда деп танылса, қалған бөлігі қанағатсыз күйде. Осыған орай аудан әкімдігі жолдардың жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізіп, жөндеу көлемін кезең-кезеңімен арттыруды көздеуде.

Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі