
КЕЛЕС ӨҢІРІНДЕ АҚМАРАЛ ЛЕУБАЕВАНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Келес өңірінде руханияттың шырағын маздатып, сөз өнерінің мәртебесін асқақтатқан тағылымды кеш өтті.
Айтыс аламанында адуынды жырларымен ел жүрегінен орын алған, ақындық әлемнің жарық жұлдызы Ақмарал Леубаеваның «Іңкәр жүрек» атты шығармашылық кеші көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Әшірәлі Кенжеев атындағы аудандық Мәдениет үйінде өткен әдеби-сазды кешке Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы қатысып, сөз шеберінің шығармашылығына жоғары баға беріп, ақынға ақжарма лебізін арнады.
— Киелі Келесімізде ерекше өнер иесі, сөзімен елді селт еткізген, айтыс өнерінің абыройын асырған ақын Ақмарал Пернебекқызының шығармашылық кеші өтуде. Бұл – руханият мерекесі, жыр мен жүректің тоғысқан сәті. Ақмарал ақын – қазақтың дәстүрлі сөз өнерін заман тынысына бейімдей отырып, ұлттық рухты, аналық мейірімді, адамгершілік пен әділетті ту еткен талант иесі. Бүгінгі күні біздің ауданымызға арнайы келіп шығармашылық кеш өткізіп жатқаныңызғабарша аудан халқы атынан зор ризашылығымды білдіремін, - деді аудан басшысы.
Ақмарал Леубаева – айтыс әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған, ойы орамды, сөзі салмақты, қиялы ұшқыр, тұла бойы жырдан жаралған ақын. Ақын 1969 жылы Бәйдібек ауданы, Ақбастау ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ғылыми қызметкері болып еңбек етіп келеді. Айтыс сахнасына алғаш 1988 жылы қадам басқан ақын содан бері республика көлемінде өткен көптеген аламандарда топ жарып, жүлделі орындардан көрінді.
Сахна төріндегі кеште Ақмарал Леубаеваның шығармашылығы жан-жақты қамтылып, оның сөзіне жазылған әндер шырқалды. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ұйымдастырған концерттік бағдарлама тыңдарман көңілінен шықты. Ақынның «Сіз үшін», «Ақ шынар», «Іңкәр жүрек» атты жыр жинақтары – оның шығармашылық биігінің дәлелі. Ақынның өлеңдерінен сезімнің иірімі, ұлттық болмыстың иісі, тереңдік пен шынайылық аңғарылады.
🔗Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі