КЕЛЕСТЕ ОҚУ-ДАЛАЛЫҚ ЖИЫН ӨТІП ЖАТЫР
Келес ауданының білім беру ұйымдарында 10-сынып оқушыларына арналған оқу-далалық (лагерьлік) жиын басталды. Білім беру стандартына сәйкес, алғашқы әскери дайындық пәні аясында ұл балалар үшін 30 сағаттық практикалық сабақ қарастырылған.
Аталған жиын барысында жас сарбаздар қару-жарақ пен әскери техникалық жабдықтарды қолдануды, тактикалық және атыс дайындықтарын меңгеруде. Сондай-ақ, олар әскери құрылымдардың жарғыларымен танысып, әскери топография негіздерін үйренуде.
Қыз балаларға арналған медициналық практикалық сабақтар да осы кезеңде өтуде. Бұл сабақтар олардың алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
Ашылу салтанаты Абай ауылында орналасқан орталық стадионда өтті. Салтанатты жиынға қатысқан Келес ауданының білім бөлімінің басшысы Рахат Жайлаубай Сәрсенбекұлы дала жиынының жас ұрпаққа берер тәрбиелік мәніне тоқталып, әрбір азаматтың сапалы білім алып, ел игілігіне қызмет етуі қажеттігін атап өтті.
Жиын барысында кәсіби әскери мамандар оқушыларға қоян-қолтық ұрыс әдістерін көрсетіп, түрлі әскери қару түрлерімен таныстырды. Мұндай сабақтар оқушылардың әскери-патриоттық рухын арттырып, болашақта Отан қорғауға деген жауапкершілік сезімін нығайта түспек.

Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі