КЕЛЕС АУДАНЫНДА 15 МЫҢ ГҮЛ КӨШЕТІ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ
Келес ауданының орталығы Абай ауылында көктемгі сенбіліктер дәстүрге айналып, биыл да ерекше қарқынмен өтіп жатыр. Ауылдың тазалығы мен көркі – тұрғындар игілігі үшін атқарылып жатқан бұл жұмыстарға әкімдік қызметкерлері, қоғамдық жұмысшылар және арнайы техникалар жұмылдырылған.
Қазіргі таңда ауыл ішіндегі негізгі көшелер – Б.Қырғызалиев, Д.Қонаев, Асан Қайғы және Т.Рысқұлов көшелері бойында санитарлық-тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Көше бойларында өсіп кеткен арамшөптер орылып, қоқыс пен күл-қалдықтар тазартылуда. Ауыл тазалығы – тек эстетикалық мәселе емес, сонымен қатар тұрғындардың денсаулығына да тікелей әсер ететін маңызды фактор екенін ескерсек, бұл жұмыстардың маңызы айқындала түседі.
Абаттандыру шараларының тағы бір жарқын көрінісі – көше бойларына отырғызылған гүлдер. Жалпы саны 15 000-ға жуық гүл көшеттері ауыл көшелеріне ерекше сән беріп, көрген жанның көңілін көтеруде. Түрлі түсті гүлдермен көмкерілген саябақтар мен жол жиегі – Абай ауылының тек ішкі ғана емес, сыртқы келбетін де көркейтіп отыр.
Сонымен қатар Т.Рысқұлов көшесінің бойындағы 1000-ға жуық бордюрге сырлау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар да ауылдың сәулеттік сәнін арттырып, тиянақты, таза көрініс қалыптастыруға бағытталған. Сырланған бордюрлер – тек көз тартарлық көрініс қана емес, жаяу жүргіншілер мен жүргізушілер үшін де қауіпсіздік элементі саналады.
🔗 Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі