Табиғи өнім – сән емес, қажеттілік: Мәлика Мұқтарованың ауылдағы табысты кәсібі
Бүгінде табиғи өнімге деген сұраныс күннен-күнге артып келеді. Қала жұрты дүкен сөрелеріндегі қолдан жасалған, ұзақ мерзімге жарамды тағамдардан гөрі, ауылдың таза, шынайы өнімін іздейтін болды. Бұл үрдіс – сән емес, адамның денсаулығына, өмір сапасына деген саналы көзқарастың белгісі.
Осы орайда Келес ауданына қарасты Ұшқын ауылының тұрғыны Мәлика Мұқтарова – нағыз табиғи өнімнің шебері. Ол 17 жылдан бері таңғы бесте тұрып, ауданға қарасты екі ауылды аралап, қолындағы шелегін сүтке толтырып қайтады. Кей күндері 400 литрге дейін сүт жинайды. Ал бұл сүт бірден іске жаратылады – Мәлика апай құрт, май, айран, ірімшік сынды өнімдер дайындап, халыққа ұсынады.
Жәй ғана өнім емес – дәмі тіл үйіретін, сапасы сын көтеретін, адалдығы сезілетін тағам. Сол себепті де Мәликаның қолдан шыққан тағамдары бүгінде нағыз брендке айналды. Оны іздеп келетіндер, тапсырыс беретіндер көбейген үстіне көбейіп жатыр. Көптің алғысына бөленіп жүрген еңбекқор жан бұл істі табыс көзі ғана емес, рухани қажеттілік деп біледі.
– Адамға пайдалы нәрсе жасап жатқанымды сезіну – мен үшін үлкен бақыт. Әсіресе, балаларға арналған тағамдарды табиғи өніммен қамтамасыз еткім келеді. Қазір дүкеннен бәрін табуға болады, бірақ соның қаншасы пайдалы? – дейді ол.
Мәлика Мұқтарова өзі дайындайтын өнімдердің бәріне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Ол сүттің сапасын қадағалап, әр ыдысты мұқият жуып, барлығын санитарлық талапқа сай әзірлейді. Сондықтан болар, оның өнімдері тек ауыл тұрғындарының ғана емес, қала қонақтарының да сүйікті асына айналған.
Бүгінде Мәлика апайдың кәсібі – жас кәсіпкерлерге, ауылдағы әйелдерге үлгі. Таза өнімнің бағасы артып келе жатқан заманда, оның қолынан шыққан дәмді тағам – ұлттық тағамдарымыздың да қадірін арттырып отыр.
Бұл – жай ғана табыс көзі емес. Бұл – ұлттық құндылықты ұлықтаудың, адал еңбекпен отбасын асыраудың, табиғат пен адам арасындағы үйлесімді сақтаудың көрінісі.