КЕЛЕС АУДАНЫНДА МАҢЫЗДЫ ШЕШІМДЕР ҚАБЫЛДАНДЫ
Сегізінші шақырылымдағы Келес аудандық мәслихатының кезектен тыс жиырма төртінші сессиясы өтті. Мәслихат төрағасы Нұржан Шаулиевтің төрағалығымен өткен алқалы жиынға аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев, аудандық мәслихаттың депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлімдер мен мекемелердің басшылары, ауыл және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Сессияның күн тәртібіне екі маңызды мәселе енгізілді. Атап айтқанда Келес аудандық мәслихатының 2024 жылғы 20 желтоқсандағы №21-153-VIII “2025-2027 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы” шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе аясында аудан экономикасын дамытуға бағытталған қаржылық ресурстарды тиімді жоспарлау және қайта бөлуді қамтамасыз ету көзделді. Өзгерістер әлеуметтік маңызы бар салалар мен инфрақұрылым жобаларын қамтитын бағыттар талқыланды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының шығып қалған мүшелерінің орнына қайта мүше сайлау туралы болды. Сайлау комиссияларының сапалы жұмысын қамтамасыз ету мақсатында құрамдағы өзгерістер енгізіліп, тиісті мүшелер қайта сайланды. Бұл алдағы сайлау процестерінің заң аясында әрі тиімді өтуіне негіз болмақ.
Сессия барысында көтерілген барлық мәселелер халық қалаулылары тарапынан бірауыздан қолдау тауып, нақты шешімдер қабылданды. Келес аудандық мәслихатының кезектен тыс бұл сессиясы – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен демократиялық үрдістердің нығаюына бағытталған маңызды қадам болды.

Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі