КЕЛЕСТІКТЕР ӘЗ-НАУРЫЗДЫ ӨНЕР ЖҰЛДЫЗДАРЫМЕН БІРГЕ ТОЙЛАДЫ
Жақсылықтың жаршысы болған наурыз мейрамы Келес ауданында кең көлемде аталып өтті. Ошақты ауылдық округі аумағындағы «Наурызтөбе» алаңында құрылған ақшаңқан киіз үйлер мен әсем безендірілген сахна маңына Наурыз тойын тойлауға келген жұртшылықтың қарасы қалың болды. Ұлыстың ұлы күнінде аудан тұрғындарын мерекелерімен құттықтаған аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев биылғы айтулы мейрамда салт-дәстүрлерді жаңғыртуға баса мән берілгенін айтты.
– Бүгінде Наурыз – еліміздегі ең үлкен мерекенің бірі. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Наурыз мерекесі 10 күн бойы игі істермен, мазмұнды іс-шаралармен өрнектелуде. Ұлттық болмысымыз бен мәдениетіміз, құндылықтарымыз, салт-дәстүрлеріміз дәріптелді. Соның айқын дәлелі ретінде бүгін біз Сіздермен туған жердің төрінде Наурыз мерекесін атап өткелі отырмыз. Құрылғанына аз ғана уақыт болса да Келес ауданы дамудың жаңа сатысына көтеріліп келеді. Алдағы жоспарлар мен маңызды міндеттер ауданымыздың одан әрі дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз. Ежелден тіршіліктің бастауы саналған әз-Наурыз күні қажырлы еңбектеріңізге толағай табыстар тілеймін, - деді аудан басшысы Жәнібек Есенұлы өз құттықтауында.
Наурыз мерекесі аясында елімізге танымал эстрада жұлдыздары Ақбота-Нұр, Нұрдаулет Карлов, Баян Сұлу тобы мен ауданымыздың өнерпаз жігіттері мен қыздары өз өнерлерін ортаға салды. Аудандық мәдениет үйінің өнерлі қыздары құлпыртқан биі де думанға айрықша көрік берді. Ашық аспан астындағы алаңды ән мен жырға бөлеген өнерпаздарды тұрғындар ыстық ықыласпен қабылдады. Наурыз тойына келген тұрғындар ақшаңқан киіз үйлерді аралап, Наурызкөжеден дәм татып, «Аударыспақ», «Қыз қуу», «Ләңгі тебу», «Арқан тартыс», «Қошқар көтеру», «Гір тасын көтеру» секілді ұлттық ойындарды тамашалады.
(с) Келес ауданы әкімдінің баспасөз қызметі