МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ ОРАЗКҮЛ АСАНҒАЗЫҚЫЗЫ КЕЛЕС ХАЛҚЫМЕН КЕЗДЕСТІ

МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ ОРАЗКҮЛ АСАНҒАЗЫҚЫЗЫ КЕЛЕС ХАЛҚЫМЕН КЕЗДЕСТІ
МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ ОРАЗКҮЛ АСАНҒАЗЫҚЫЗЫ КЕЛЕС ХАЛҚЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Келес ауданына Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы арнайы келіп, аудан тұрғындарымен кездесті. Аудандық прокуратураның ұйымдастыруымен өткізіліп отырған кездесуге аудан басшысы Жәнібек Ағыбаев, аудан прокуроры Нұрлан Ешенқұлов, ауыл және ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары, аудандағы түрлі мекемелерде қызмет атқаратын қыз-келіншектер, аудандық аналар кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері, батыр аналар, аудан жастары және БАҚ өкілдері қатысты.
Идеологиялық, тәрбиелік және психологиялық жұмыстарды жалғастыру мақсатында ұйымдастырлған кездесуде еліміздегі отбасы құндылықтары жайы сөз болды. Басқосуда басты қонақ - Оразкүл Асанғазықызы жастарға қазақ баласының бойына тән тектілікті дәріптеді. Бүгінгі қоғамдағы олқылықтар мен жеткен жетістіктер, қазақы салт-дәстүр мен отбасындағы ұл, қыз тәрбиесі, ата-ананың отбасындағы рөлі мен орыны, қадір-қасиеті, баланың ата-ана алдындағы міндеттері мен парызы жайына кеңінен тоқталды.
Жиында аудан әкімі Жәнібек Есенұлы қоғамдағы маңызды мәселелерді қолға алып, еліміздің дамуында аянбай еңбек етіп жүрген Оразкүл Асанғазықызына алғыс білдірді.
– Оразкүл Асанғазықызы Сіз, зейнетке шықсаңыз да еш тыным таппай, еліміздің түкпір-түкпіріне сапарлап, халықпен жиі кездесіп, дәріс оқудан жалықпай, қайсар мінез танытып, қоғамдағы маңызды мәселелерді қолға алып, еліміздің дамуында аянбай еңбек етіп келесіз. Әсіресе қоғамдағы өзекті мәселелердің біріне айналып отырған отбасындағы орын алып жатқан оқиғалармен қатар, отбасы құндылықтары, тәлім-тәрбие тақырыптарындағы жүргізген үгіт-насихаттарыңыз өскелең ұрпақтың санасынан орын алатыны сөзсіз. Көпшіліктің ілтипаты мен құрметіне бөленіп, ел игілігі жолындағы еңбегіңіздің жемісін көріп, абырой-беделіңіз асқақтай берсін, - деген аудан әкімі жастармен келелі кездесу өткізіп, өнегелі әңгімелері мен ақыл-кеңестерін айтқан қоғам қайраткеріне алғысын білдіріп, иығына қазақы камзол жауып, сый-сияпат көрсетті.
Кездесуде аудандық полиция бөлімінің бастығы Мұрат Әбілханұлы аудан көлемінде орын алған отбасылық жанжал және оған қатысты қылмыстар бойынша баяндама жасады. Қарапайым мұғалімдіктен бастап қызметтік баспалдақпен көтеріліп, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері деңгейіне дейін жеткен Оразкүл Асанғазиева кездесу соңында келестіктермен естелікке суретке түсіп, табыс тіледі.
(с) Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі