КЕЛЕС: 2025 ЖЫЛЫ ЕЛІМІЗДЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САНАҒЫ ӨТЕДІ
Ел Үкіметі «2025 жылы Қазақстан Республикасының ұлттық ауыл шаруашылығы санағын жүргізу туралы» қаулы қабылдаған еді. Осыған орай ауыл шаруашылығы санағы 2025 жылдың 1 тамызы мен 20 қазан аралығында өткізіледі.
Келес ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Тұрдиевтың төрағалығымен аталған мәселе бойынша арнайы жиын өтіп, ауданның санақ жұмыстарына дайындығы пысықталды. Аудандық статистика басқармасының ұйымдастыруымен өткен жиынға ауыл, ауылдық округтердің әкімдері, ауыл шаруашылығы саласындағы мамандар қатысты.
– Науқанның маңыздылығын ескерулеріңіз сұралады. Бекітілген іс-шаралар жоспарын сапалы, дер кезінде әрі толыққанды орындауларыңызды қажет. Ауданымыздың негізгі күн көрісі дәл осы сала болғандықтан, бізге нақты әрі сапалы деректер керек. Сондықтан, осы науқанды белсенді ұйымдастыруға шақырамын, — деді, аудан әкімінің орынбасары Мақсат Тұрдиев.
Айта кетейік, санақ екі кезеңнен тұрады. Алғашқысы 2025 жылғы 1-31 тамыз аралығында интернет желісі арқылы онлайн режимде өтсе, келесі кезең 2025 жылғы 20 қыркүйек – 20 қазан аралығында планшет пайдаланып елді мекендерді аралау арқылы өткізіледі.
Санақты өткізудің мақсаты – аграрлық сектордың дамуына болжам жасау және ауыл шаруашылығы саласының қазіргі шынайы жағдайы туралы толыққанды ақпарат алу. Қазақстанда осыған дейін ұлттық ауыл шаруашылығы санағы бір рет қана, 2006-2007 жылдары өткізілген.
(с) Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі