Келес ауданының ішкі көшелерін тазарту үшін жаңа әмбебап техника қолданысқа берілді. Жазда оның көмегімен көшедегі күл-қоқысты жинап, сыпыру қарастырылса, қыста қар күреп, көктайғаққа құм мен тұз себуге ыңғайлы. Арнайы техника аудан әкімдігіне қарасты «Келес Қызмет» мекемесінің теңгеріміне беріліп, оны тізгіндейтін жұмысшылар дайындықтан өткізілді. Бұл туралы аталған мекеменің директоры Байтуған Керинбаев мәлім етті.
– Келес ауданына қарасты 83 ауыл бар. Оның ішіндегі көшелердің саны 511-ді құрайды. Бүгінде Келес қызмет мекемесінің 30 техникасы аудан аумағындағы көшелерді тазалаумен, көгалдандырумен айналысуда. Жақында аудан басшысының тапсырмасы негізінде техникаларымызды жаңартуды бастап кеттік. Соның бірі - КО-829Б деп аталатын құрама жол машинасы. Аталған техниканың ерекшелігі жаз мезгілінде машина жол төсемдерін жуу, суару, кір мен шаңнан тазарту, сондай-ақ жұтқыншақ жолағын жуу және жасыл желектер мен көгалдарды суару үшін қолданылады. Ал, қыс мезгілінде машина жол төсемдерін жаңа түскен немесе нығыздалған қардан жүрдек және патрульдік тазалау, мұздан тазарту және көктайғаққа қарсы материалдармен себу үшін пайдаланылады, - деді Келес қызмет мекемесінің директоры.
Айта кетейік, Келес қызмет мекемесі 2018 жылдан бері өңір тазалағын қамтамасыз етіп, жауапкершілігі жоғары жұмысты жүйелеп, ұйымдастырып келеді. Онда 30-дан аса техника, 80-ге тарта жұмысшы еңбек етеді. Алдағы уақытта аталған мекеменің техникалық базасын жаңғыртып, жұмысшыларға қолайлы жағдай жасау жұмыстары жоспарға енген.