КЕЛЕС: БИЫЛ 35,9 ШАҚЫРЫМ ЖОЛҒА ОРТАША ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

КЕЛЕС: БИЫЛ 35,9 ШАҚЫРЫМ ЖОЛҒА ОРТАША ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Онда Келес ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан өткен жылы атқарған және алдағы жоспарлары туралы мәселе қаралып, бөлім басшысы Бақытжан Шірінбеков баяндама жасады. Бөлім басшысының мәліметінше Келес ауданы аумағында соңғы жылдары автокөлік жолдары жөнделіп, ауылдар арасындағы қарым-қатынас жиілей түскен.
– Жалпы аудан аумағында аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 130,9 шақырымды құраса, оның 117,6 шақырымы асфальтталған. Ал, елді мекендердің ішкі көшелері 711,1 шақырымды құрайды. Бүгінгі таңда ішкі көшелердің қанағаттанарлық жағдайы 400,4 шақырымды құрап отыр. Биыл жоспарлы жұмыстар өз жалғасын табады. Атап айтқанда, 6,5 шақырымды құрайтын Ащыкөл-Қалғансыр аудандық маңызы бар автомобиль жолына орта жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, 20,9 шақырымды құрайтын 11 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін «Ауыл - Ел бесігі» жобасы шеңберінде қаржысы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Бұдан бөлек, 2023 жылдан 2024 жылға өтпелі болған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 1 елді мекенде 8,5 шақырымды құрайтын 12 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде, - деді бөлім басшысы Бақытжан Шірінбеков.
Жиын барысында аудан әкімі Жәнібек Есенұлы ауылдардың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі, атап айтқанда елді мекендерді ауыз су, электр және табиғи жүйелерімен қамту жобалары бойынша өзекті мәселелерді шешуді тапсырды.
– Ел талабын орындау бірінші орында тұруы қажет. Жергілікті тұрғындармен кездескенде көтерілетін басты мәселенің бірі осы – инфрақұрылым. Оларды шешу үшін бірнеше жобаларды жүзеге асыруды тапсырдым. Дегенмен әлі де болса кемшіліктер көп. Ауыз сумен қамту шараларында атқарылған жұмыстар көңіл көншітпейді. Табиғи газға қосылмаған тұрғын үйлер бар. Сапалы электрмен қамту шаралары да жүйеленбеген. «Қазақтелеком» мекемесінің бағаналарын жаңғырту бойынша да тапсырма жүктелген болатын. Тез арада коммуналдық қызметтің жұмысын жандандыруды тапсырамын. Әрбір атқарылған жұмыс барысы өз қадағалауымда болады, - деді аудан әкімі Жәнібек Есенұлы.
Аппараттық жиын барысында аудан аумағындағы санитарлық тазалық жұмыстары, моншалардың заңдылығы мен кәріз жүесімен қамтылуы және «Ауыл аманаты» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.