КЕЛЕС: КЕДЕН БЕКЕТІ МАҢЫНДАҒЫ ТӘРТІП КҮШЕЙТІЛЕДІ

КЕЛЕС: КЕДЕН БЕКЕТІ МАҢЫНДАҒЫ ТӘРТІП КҮШЕЙТІЛЕДІ

Түркістан облысының Келес ауданындағы транзиттік бағыттағы маңызы зор «Бауыржан Қонысбаев» кеден бекеті 2000 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Бастапқыда ыңғайлыстырылып салынған өткізу бекеті 2020 жылы күрделі жөндеуден өтті. Бүгінде тәулігіне 1000 көлік өткізуге қауқарлы кеден бекетінің мыңын абаттандыру, қауіпсіздік талаптарын күшейту бағытында кешенді шаралар атқарылуда. Осы орайда бүгін Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, аудан прокуроры Нұрлан Ешенқұлов және аудандық полиция бөлімінің бастығы Мұрат Әбілханұлы Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Ескіқорған елді мекенінде болып, жүк көліктері мен жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жарату жолын талқылады.
– Транзиттік бағыттағы маңызы зор «Бауыржан Қонысбаев» кеден бекеті осыдан төрт жыл бұрын жөндеуден өтіп, автокөліктердің кіріп-шығу жолақтары 2 ден 6 жолға дейін ұлғайтылды. Бақылап-өткізу жұмыстары жеделдетіліп, тауар тасушы автокөліктерінің өту саны 200-ден 1000-ға дейін жетті. Бұл өз кезегінде кеден бекеті маңындағы санитарлық тазалық пен жолдағы көлік кептелісінің өзектілігі артады. Осыған байланысты аудандық полиция бөлімінің ұйғарымымен жол ортасына арнайы қоршау, полиция пункіті мен бейнебақылау камераларын орнату қажеттілігі туындап тұр. Тиісті құжаттарды әзірлеп, бюджетке сұраныс беріңіздер, - деді аудан әкімі Жәнібек Есенұлы.
Алдағы уақытта еліміз бойынша транзиттік бағыттағы ең ірі кеден бекеттерінің бірі саналатын «Бауыржан Қонысбаев» кеден бекетінің маңына такси жүргізушілері үшін арнайы орын қарастырылды. Заңсыз соғылған құрылыс нысандарын жою бойынша жауаптыларға тапсырмалар жүктеліп, ірі жүк көліктерінің өткізу кезегін ыңғайластыру мақсатында арнайы табло орнатылатын болады. Сонымен қатар 1 шақырымға жуық жол жиегіне жаяу жүргіншілер үшін жолаяқ салу тапсырмасы жүктелді. Аудан басшылығы кәсіпкерлік нысан иелерімен кездесіп, жол бойында орналасқан нысандардың қасбетін ретке келтіру, санитарлық тазалық шарасына белсенді атсалысуға шақырды.