КЕЛЕС: ЖАС СУРЕТШІ 50-ДЕН АСА ӨНЕР ТУЫНДЫСЫНЫҢ АВТОРЫ

КЕЛЕС: ЖАС СУРЕТШІ 50-ДЕН АСА ӨНЕР ТУЫНДЫСЫНЫҢ АВТОРЫ
Келес ауданындағы №1 О.Есімов атындағы жалпы білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы Жолдасбек Айтжанның 50-ден аса өнер туындысы бар. 3 жасынан бастап сурет салуға қызыққан талантты шәкірт 5-сыныптан аудандық сурет үйірмесіне барады.
– Кішкентай кезімнен бастап сурет салуға қызықтым. Сурет өнері – өнер атаулының ішіндегі асыл қазынамыз деп білемін. Сурет салғанда халқымыздың ұлттық дүниетанымына назар аударамын. Бұл өнер түрі жеке тұлға ретінде қалыптасуына мол септігін тигізеді. Жалпы болашақта архитектор болғым келеді. Осы салада еліміздің дамуына үлес қосу басты мақсатым, - дейді Жолдасбек Айтжан.
Жас суретші өнер жолындағы ұстазы – Келестің қылқалам шебері Нұрлан Жолтайұлы Қалдыбаевтың жетекшілігімен бірнеше облыстық, республикалық байқауда жеңімпаз атанды. Ақтау қаласында өткен «Әбіш оқулары» республикалық байқауында иллюстрациялық сурет салу байқауынан 2 орын иеленді. Сонымен қатар Жолдасбек Айтжан Келес ауданында 2022 жылғы «Жылдың ең үздік қылқалам шебері» номинациясын алды.