ЕРКЕБҰЛАН ҚАЙНАЗАРОВ КЕЛЕСТЕ ӨТКЕН АЙТЫСТЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ АТАНДЫ

ЕРКЕБҰЛАН ҚАЙНАЗАРОВ КЕЛЕСТЕ ӨТКЕН АЙТЫСТЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ АТАНДЫ

Түркістан облысының және Келес ауданының құрылғанына 5 жыл толуына орай Келес ауданы әкімінің қолдауымен жыр жампозы белгілі айтыскер ақын Наушабеков Жарқынбек Абызбекұлына арналған “Жыр жүйрігі Жарқынбек” атты республикалық ақындар айтысы өтті.
Сөзсайысқа елімізге белгілі айтыскер ақындар қатысты. Атап айтқанда Бекарыс Шойбеков, Айбек Қалиев, Анар Жаппарқұлова, Алик Бекмұсаев, Мұхтар Ниязов, Еркебұлан Қайназаров, Нұрлан Есенқұлов, Шұғайып Сезімхан атты жүйріктер айтыс аламанын қыздыра түсті. Жыр додасында текті өнерді төрге оздырып, ұлт мұрасы ұлықталған қазіргі қоғамдағы жайттар, құрдастар әзілі, жеңге мен қайын іні, жастық жалын, іні мен аға сыйластығы көрініс тапты. Айтыс аламанын қорытындылауында Келес аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Шералы Сәрсенұлы сөз сөйлеп, төл өнерімізді насихаттап жүрген айтыс ақындарына алғысын білдірді.
- Айтыс атадан балаға мирас болып келген халқымыздың рухани мәдениетінің бірі. Алдағы уақытта мұндай мәдени іс-шараларымыздың қатары көбейсе, ауданымыздың мәдени-рухани әлеуеті артатыны сөзсіз. Ұлы бабаларымыздың жолын жалғастырып, төл өнерімізді насихаттап жүрген айтыс ақындарына дүйім келестіктер атынан алғысымды білдіремін, - деді Шералы Сәрсенұлы.
Қазылар алқасы шешімімен жыр додасында Еркебұлан Қайназаров (Астана) бас жүлде иегері атанды. Ал І орынды Мұхтар Ниязов (Қызылорда), ІІ орынды Айбек Қалиев (Арқалық), ІІІ орынды Нұрлан Есенқұлов (Шымкент) пен Шұғайып Сезімхан (Алматы) иемденді. Сонымен қатар Келес аудан әкімінің арнайы жүлдесі Бекарыс Шойбековке (Түркістан), Әселхан Қалыбекова атындағы арнайы жүлде Анар Жаппарқұловаға (Шымкент), Әбдікерім Манап атындағы арнайы жүлде Алик Бекмұсаевқа (Тараз) бұйырды.
Қазақ жанының айнасындай болған айтыс қай заманда болмасын қилы тағдырды, тарихымызды көрсетіп, ұлттық болмысымызды, тұрмысымызды ерекшелеп, бүгінімізді бағдарлап, келешегімізді кемелдеп отырған. Осы орайда Наушабеков Жарқынбек Абазбекұлының құрметіне «Жыр жүйрігі Жарқынбек» атты республикалық ақындар айтысы жыл сайын өткізілуде. Жарқынбек Абазбекұлы жалпы айтыс өнеріне араласқалы бері 20-ға жуық бас жүлде жеңіп алып, бірнеше рет «темір тұлпар» иеленген.