05 қараша 2022 жылы қабылданып, қолданысқа енгізілген "Прокуратура туралы" Қазақстан Респубикасының Конституциялық Заңы 48 бапты құрайтын 7 тараудан тұрады. Тараулар жалпы Ережелерден (1 тарау), Прокуратура органдарының жүйесі мен құзыретінен (2 тарау), Жоғары қадағалау шектері мен нысандары. Сотта мемлекет мүддесін білдіру. Қылмыстық қудалау. Жолданымдарды қарау. Прокурор қызметінің құқықтық кепілдіктерінен (3 тарау), Прокуратураның үйлестіру және өзара іс-қимыл жөніндегі қызметі. Прокуратура органдарындағы алқалар. Нормашығармашылық қызметке қатысуынан (4 тарау), Прокуратура актілерінен (5 тарау), Прокуратура органдарының кадрлары және олардың құқықтық жағдайынан (6 тарау), Қорытынды ережелерден (7 тарау) тұрады.
Жаңа қабылданған Конституциялық Заңға сай прокуратура - мемлекет атынан заңда белгіленген шектерде және нысандарда Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүддесін білдіреді және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады (1 бап). Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы, оған бағынысты ведомство, білім беру ұйымы, әскери прокуратура және көлік прокуратурасы органдары, облыстардың прокуратуралары және оларға теңестірілген (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) прокуратуралар, аудандық және оларға теңестірілген (қалалық, ауданаралық, сондай-ақ мамандандырылған) прокуратуралар прокуратура органдарының бірыңғай орталықтандырылған жүйесін құрайды (5 бап).
Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының өкілеттіктеріне прокуратура органдарының бүкіл жүйесінің қызметіне басшылық жасау, Қазақстан Республикасы Президентінің алдында елдегі заңдылықтың жай-күйі және прокуратура органдарының қызметі туралы есеп беру, бас әскери және көлік прокуратураларының, облыстар прокуратураларының және оларға теңестірілген прокуратуралардың жанынан құрылатын үйлестіру кеңестері туралы ережені бекіту, азаматтық, қылмыстық, әкімшілік істер және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша сот практикасының мәселелері жөнінде соттарға түсіндірме беру туралы ұсыныспен Қазақстан Республикасының Жоғары Сотына жүгінеді, Бас прокуратураның алқасы мен консультативтік-кеңесші органдарын құру, олардың құрамы мен жұмыс регламентін айқындайды, барлық прокурорлардың және өзге де жұмыскерлердің орындауы үшін міндетті болатын бұйрықтар, өкімдер шығарады, прокуратура органдарын ұйымдастыру және олардың қызметі мәселелерін реттейтін ережелерді, нұсқаулықтарды, регламенттерді және өзге де құқықтық актілерді бекіту және т.б. кіреді (9 бап).
Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің төрағасы болып табылады.
Назарға алар жай, аталған баптың 16) тармақшасындағы Бас Прокурордың Қазақстан Республикасы Конституциясының 72 бабының 4 тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына жүгіну өкілеттігі 01.01.2023 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының атынан жоғары қадағалау заңдылықтың сақталуын тексеруді, заңдылықтың жай-күйін талдауды, күшіне енген актілерді бағалауды жүргізу арқылы жүзеге асырылады (17 бап). Заңдылықтың сақталуын тексеру Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы, Бас Прокурордың тапсырмасы және 18 баптың 2 тармағында көзделген негіздер бойынша тағайындалады.
Заңдылықтың жай-күйін талдау субъектілерге (объектілерге) бармай, мемлекеттік және халықаралық ұйымдардың, БАҚ-ның статистикалық деректерін, мәліметтерін, азаматтық және қылмыстық істердің, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істердің материалдарын, сондай-ақ өзге де ақпарат көздерін зерделеу арқылы жүргізіледі. Мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардан, жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан және меншік нысандарына қарамастан өзге де ұйымдардан заңдылықтың жай-күйін талдауды жүргізуге байланысты ақпаратты, құжаттар мен өзге де материалдарды прокурор талап етіп алдыруға құқылы (20 бап).Күшіне енген актілерді бағалау Қазақстан Республикасы Үкіметінің, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мемкемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, олардың лауазымды адамдарының актілері мен шешімдерін, меншік нысандарына қарамастан өзге де ұйымдардың актілері мен шешімдерін, егер бұл актілер мен шешімдер физиологиялық ерекшеліктеріне, психикалық ауытқуларына және өзге де мән-жайларға қарай өз құқықтарын қорғауды өз бетінше жүзеге асыра алмайтын адамдарға, кәмелетке толмаған адамдарға, сондай-ақ адамдардың шектелмеген тобына қатысты болса не жария сипатқа ие болса, сот үкімдерін, шешімдерін, қаулыларын және өзге де акитілерін, сондай-ақ қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер мен әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді зерделеу арқылы жүзеге асырылады (21 бап).
Сотқа дейінгі реттеу тәртібінде прокуратура шешімдеріне, актілеріне не прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым шешімнің, актінің қабылданғаны немесе әрекеттің жасалғаны (әрекетсіздік) туралы адамға белгілі болған күннен бастап 3 айдан кешіктірілмей прокуратура органдарына беріледі және оны жоғары тұрған прокурор қарайды. Шағымды қарау мерзімі жиырма жұмыс күнін құрайды (25 бап).
Прокурорға өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына кедергі келтіру немесе оған заңсыз шешім қабылдату мақсатында қандай да бір нысанда ықпал ету Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді. Прокурор өзінің іс жүргізуіндегі материалдардың, актілердің, сот істерінің және жолданымдардың мәні бойынша қандай да бір түсініктеме бермейді. Материалдарды танысу үшін біреуге ұсыну Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда ғана жүзеге асырылады. Іс жүргізуінде жатқан прокурордың рұқсатынсыз заңдылықтың сақталуын тексеру мен істердің материалдарын жария етуге ешкімнің құқығы жоқ (26 бап).
Наразылық, санкция, нұсқау, ұсыну, қаулы - прокурорлық қадағалау актілері, өтінішхат, арыз, жолданым, Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуына жол берілмейтіні туралы түсіндірме - прокурорлық ден қою актілері, бұйрықтар, өкімдер, ережелер, нұсқаулықтар, регламенттер - прокуратура органдарын ұйымдастыру және олардың қызметі мәселелерін реттейтін актілер болып табылады (32 бап).
Осы Конституциялық Заңның қабылданып, қолданысқа енгізілуі арқылы 30.06.2017 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының "Прокуратура туралы" Заңының күші жойылып, қолданысы тоқтатылды.