КЕЛЕСТЕГІ 22 ЕЛДІ МЕКЕНГЕ 4G СТАНЦИЯЛАРЫ ОРНАТЫЛУДА

КЕЛЕСТЕГІ 22 ЕЛДІ МЕКЕНГЕ 4G СТАНЦИЯЛАРЫ ОРНАТЫЛУДА
Келес ауданында тұрғындарды сапалы ұялы байланыс және интернет желісімен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұған дейін ауданның бірқатар елді мекен тұрғындары ұялы байланыс пен интернет сапасының төмендігіне байланысты өтініштерін білдірген болатын.
Тұрғындар көтерген бұл мәселені шешу мақсатында аудан әкімдігі тарапынан ұялы байланыс операторларына тиісті сұраныстар жолданып, нәтижелі келіссөздер жүргізілді. Келісім негізінде «Kcell» компаниясымен бірлесе отырып, аудан аумағындағы 22 елді мекенге жаңа базалық станциялар орнату жоспарланды.
Қазіргі таңда жоспарланған 22 нысанның 18-інде базалық станцияларды орнату жұмыстары белсенді жүргізілуде. Атап айтқанда, Абай ауылы, Құрылыс мөлтек ауданы, Аққорған, Амангелді, Жабайытөбе, Ұшқын, Достық, Қауыншы, Қоңыртөбе, Сарыжылға, Жетітөбе, Саңырау, Қаратал, Құйған, Ақжар, Көгерту, Жамбыл, Қошқарата және Тентексай елді мекендерінде байланыс нысандарын монтаждау іске асырылуда.
Ал қалған 4 базалық станцияның құрылыс-монтаждау жұмыстарын жыл соңына дейін толық аяқтап, пайдалануға беру көзделген.
Жаңадан орнатылатын станциялар 4G технологиясы негізінде жұмыс істеп, тұрғындарға жоғары жылдамдықтағы интернет пен сапалы байланыс қызметін пайдалануға толық мүмкіндік береді.
Ауданның цифрлық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бұл жұмыстар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және байланыс қолжетімділігін қамтамасыз етуге ықпал етеді