КЕЛЕСТЕГІ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯҒА 3 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ ҚАТЫСТЫ

КЕЛЕСТЕГІ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯҒА 3 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ ҚАТЫСТЫ
«WORLD CLEANUP DAY – Дүниежүзілік тазалық күні» халықаралық акциясы еліміздің барлық өңірінде қатар ұйымдастырылуда. Осы игі бастамадан Келес ауданы да тыс қалмай, бүгін аудан аумағында ауқымды тазалық және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.
Экологиялық акцияға 3 мыңға жуық адам қатысып, көшелер, аулалар, саябақтар мен скверлер, әлеуметтік нысандардың аумақтары тазартылды. Жұмыс нәтижесінде 15 тоннадан астам қоқыс арнайы техникалардың көмегімен шығарылып, қоқыс полигонына жеткізілді. Акцияға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев қатысып, тұрғындармен бірге тазалық жұмыстарына атсалысты және ағаш көшеттерін отырғызды.
– Тазалық – бір күндік науқан емес, күнделікті қалыптасатын мәдениет. Бүгінгі шараның маңызы – айналамызды тазартумен ғана шектелмей, туған жерге деген жауапкершілікті арттыру. Әр отырғызылған ағаш – келешекке жасалған игі қадам. Сондықтан егілген көшеттерді күтіп-баптап, олардың өсіп-жетілуіне жағдай жасауымыз қажет, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, аудан аумағын көгалдандыру жұмыстары жалғасуда. Келестегі тұқымбақтан 10 мыңнан астам көпжылдық қара тал көшеті жеткізіліп, белгіленген аумақтарға отырғызылуда. Жалпы, биыл Келес ауданында көктемгі және күзгі ағаш егу маусымдары барысында 50 мыңға жуық ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Бұл жұмыстар елді мекендердің көркін арттырып, жасыл желек көлемін ұлғайтуға бағытталған.