Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Ұшқын, Қошқарата және Ақтөбе ауылдық округтерінің әкімдерін қабылдап, есепті кезеңде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларын тыңдады.
Жиында ауылдық округтердегі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы, ауыз су, табиғи газ, жол, электр желілері, әлеуметтік нысандар құрылысы, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстар сараланды.
Ұшқын ауылдық округінің әкімі округтегі газдандыру, ауыз су, жол жөндеу және кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Атап айтқанда, Достық және Қоралас ауылдарын табиғи газбен қамту жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар, ауыз су жүйелерін жаңарту, көшелерді жөндеу және жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Округте инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, жаңа кәсіпкерлік нысандар ашылған.
Қошқарата ауылдық округінде денсаулық сақтау нысандары пайдалануға беріліп, спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылған. Сондай-ақ каналдарды механикалық тазалау, ішкі жолдарға шағал төсеу жұмыстары жүргізілген. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын ірі қойма мен өзге де әлеуметтік нысандардың құрылысын жүзеге асыру жоспарлануда.
Ақтөбе ауылдық округі бойынша білім беру, ауыз су, электр желілері және жол инфрақұрылымына қатысты жобалардың барысы баяндалды. Бірқатар елді мекендерде ауыз су жүйелері іске қосылып, жаңа мектептер мен әлеуметтік нысандардың жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Сонымен қатар, ирригациялық каналдарды тазалау, төтенше жағдайлардың алдын алу және елді мекендердің ішкі жолдарын жақсарту жұмыстары жүргізілуде.
Есеп барысында аудан әкімі бірқатар тапсырмалардың орындалуы мен кейбір жұмыстардың баяу жүргізіліп жатқанын сынға алды. Жәнібек Ағыбаев ауылдық округ әкімдеріне тапсырмаларға салғырт қарамауды, белгіленген жұмыстардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды қатаң ескертті.
— Әрбір берілген тапсырманың нақты мерзімі мен нәтижесі болуы керек. Тұрғындар көтерген мәселелер уақытында шешілуі тиіс. Жоспарланған жұмыстар қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты орындалуы қажет. Ауыл әкімдері өз аумағындағы мәселелерге жауапкершілікпен қарап, жұмысты күшейтуі керек, — деді аудан әкімі.
Жиынды қорытындылаған Жәнібек Ағыбаев инфрақұрылымдық жобалардың сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстауды, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту жұмыстарын жандандыруды, сондай-ақ елді мекендердегі санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарын тұрақты жүргізуді тапсырды.