КЕЛЕС АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТЫҢДАДЫ

КЕЛЕС АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТЫҢДАДЫ
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, азаматтардың ұсыныс-өтініштерін тыңдады. Қабылдауға Абай ауылы, Алпамыс батыр, Біртілек, Бірлік, Бірлесу, Ақтөбе және Ұшқын ауылдық округтерінен тұрғындар қатысты.
Тұрғындар негізінен әлеуметтік қолдау, тұрғын үй және елді мекендердің инфрақұрылымына қатысты мәселелерді көтерді.
Абай ауылының тұрғыны тұрғын үй және әлеуметтік көмек көрсету мәселесін көтерсе, Алпамыс батыр ауылдық округінен келген тұрғын электр бағаналарын ауыстыру және асфальт жол салу қажеттігін айтты. Біртілек ауылдық округінің тұрғындары тұрғын үй және су басу мәселелерін жеткізді.
Бірлік ауылдық округінен газ жүйесін іске қосу жөнінде ұсыныс айтылды. Ал Бірлесу ауылдық округінің тұрғындары ауыз су, шағал тас төсеу, электр бағаналарын жаңарту және Қазақстан елді мекеніне қосымша мектеп ғимаратын салу мәселелерін көтерді.
Қабылдау барысында аудан әкімі әрбір мәселені мұқият тыңдап, жауапты бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне тиісті тапсырмалар берді. Көтерілген мәселелердің шешілу жолдарын нақтылау және азаматтарға қолданыстағы заңнама аясында қолдау көрсету тапсырылды.
— Халықпен тікелей кездесіп, тұрғындардың мәселесін тыңдау – тиімді кері байланыстың маңызды жолы. Әрбір өтінішке жауапкершілікпен қарап, мүмкіндігінше нақты шешім қабылдауымыз қажет. Тұрғын көтерген мәселе назардан тыс қалмай, оның орындалу барысы бақылауда болуы тиіс. Басты мақсатымыз – азаматтардың өтінішін созбалаңға салмай, заң аясында шешу, – деді аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев.
Қабылдау қорытындысы бойынша көтерілген мәселелер жауапты сала басшыларына бекітіліп, олардың орындалуы аудан әкімінің бақылауына алынды.