КЕЛЕСТЕ 8 ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ БЕКЕТ САЛЫНУДА

КЕЛЕСТЕ 8 ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ БЕКЕТ САЛЫНУДА
Келес ауданында ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мал шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Қазіргі таңда республикалық бюджет қаражаты есебінен аудан аумағында жаңа ветеринариялық нысандардың құрылысы жүргізілуде.
Атап айтқанда, Алпамыс батыр, Бірлесу, Бірлік, Біртілек, Жүзімдік, Қошқарата, Ошақты және Ұшқын ауылдық округтерінде 8 ветеринариялық бекеттің құрылысы қолға алынған. Жаңа нысандардың бой көтеруі ветеринар мамандардың тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, елді мекендердегі мал дәрігерлік қызметтің сапасын арттыруға бағытталған.
Аудан әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан ветеринариялық бекеттерді аралап, нысандардың қазіргі жағдайымен танысты. Жауапты мамандар мен мердігерлерге құрылыс сапасына, жұмыс қарқынына және белгіленген талаптардың сақталуына қатысты бірқатар тапсырмалар берді.
— Ветеринариялық қауіпсіздік – ауданның мал шаруашылығы үшін аса маңызды бағыттардың бірі. Сондықтан салынып жатқан нысандардың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы қажет. Ветеринар мамандарға қолайлы жағдай жасау арқылы мал ауруларының алдын алып, эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береміз, – деді Сүлеймен Жылқыбаев.
Аталған жобалар өңірдегі мал шаруашылығын дамытуға, эпизоотиялық ахуалды тұрақты ұстауға және ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, ветеринариялық инфрақұрылымды одан әрі жетілдіру мақсатында  2027 жылы тағы 3 ауылдық округте ветеринариялық бекет ғимаратын салу жоспарлануда.