Келес ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытындағы жаңа өндірістік жоба жүзеге асырылуда. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев «АБДИМАЛИКОВ.М» шаруа қожалығының ет комбинаты жобасының жұмысымен танысты.
Жобаның инвестициялық құны – 1,8 млрд теңге. Жобаны іске асыру 2025 жылы басталып, 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған. Жалпы аумағы 20 гектар болатын кәсіпорын іске қосылғанда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 10 мың тонна етті экспортқа және 2 мың тонна етті ішкі нарыққа шығаруға мүмкіндік береді.
Келес ауданының шекаралық аймақта орналасуы мен көлік дәліздеріне жақындығы өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін ішкі нарыққа жеткізуге және экспорттық бағыттарды дамытуға қосымша мүмкіндік береді. Аудан арқылы өтетін күре жолдар логистикалық байланысты күшейтіп, жергілікті кәсіпорындардың нарыққа шығуына қолайлы жағдай қалыптастырады.
Аудан әкімі кәсіпорынды аралау барысында өндірістің әлеуетін жоғары бағалап, жобаның уақытылы іске қосылуының маңыздылығын атап өтті.
«Біздің басты мақсатымыз – ауыл шаруашылығы өнімін тек өндірумен шектелмей, оны аудан аумағында өңдеп, дайын өнім ретінде нарыққа шығару. Келестің шекаралық орналасуы мен жол қатынасының қолайлылығы бұл бағытта үлкен мүмкіндік береді. Сондықтан осындай өндірістерді іске қосу арқылы жергілікті өнімнің көлемін арттырып, оның бәсекеге қабілеттілігін күшейтуіміз қажет», – деді аудан әкімі.
Жоба толық іске қосылған жағдайда ет өндірісінің көлемін ұлғайтып, ауданның агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға және экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашылады.