Келес ауданында білім беру саласының материалдық-техникалық базасын нығайту және оқыту сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бұл ретте жаратылыстану пәндерін оқытуға ерекше басымдық беріліп отыр.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен Түркістан облысында «Білім-инновация» лицейлерінің тәжірибесін енгізуге бағытталған жоба жүзеге асырылуда. Жоба аясында Келес ауданындағы мектептерде физика, химия және биология кабинеттерін жаңғырту көзделген. Қазіргі таңда кабинеттерді жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи құрал-жабдықтар мен жиһаздар кезең-кезеңімен жеткізілуде.
Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Рахат Жайлаубайдың айтуынша, бұл бастама оқушылардың жаратылыстану ғылымдарына қызығушылығын арттырып, теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде Келес ауданында 165 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 95 мектепке дейінгі және 70 орта білім беру ұйымы бар. Мектептерде 34 мыңнан астам оқушы білім алса, мектепке дейінгі ұйымдарда 10,5 мыңнан астам тәрбиеленуші қамтылған.
Ауданда білім сапасының да тұрақты өсімі байқалады. 2023–2024 оқу жылында білім сапасы 49,4 пайызды құраса, 2024–2025 оқу жылында 54,3 пайызға, 2025–2026 оқу жылында 56,2 пайызға жеткен. Яғни соңғы үш оқу жылында бұл көрсеткіш 6,8 пайызға артқан. Оқушылардың жоғары нәтижелері де осы жүйелі жұмыстың жемісі. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан 1899 түлектің 571-і мемлекеттік білім грантына ие болды. Сонымен қатар 108 оқушы «Алтын белгі», 189 оқушы «Үздік аттестат» иеленді.
Білім беру ұйымдарының материалдық базасын нығайту жұмыстары да жалғасуда. 2025 жылы аудан мектептерін жаңғырту және жөндеу жұмыстарына 1,3 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жаңа пәндік кабинеттер іске қосылып, білім беру нысандарының жылыту жүйелері де жаңартылды.