Келес ауданында көлік-логистика саласын дамытуға бағытталған жаңа жоба жүзеге асырылмақ. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев «Global Food Logistics» ЖШС-нің инвестициялық жобасымен танысты.
Жеке инвестиция есебінен іске асырылатын жобаның құны – 3,7 млрд теңге. Нысанның жалпы аумағы 10 гектарды құрайды. Логистикалық кешеннің сыйымдылығы 1000 көлікке есептелген. Жобаны 2026 жылы бастап, сол жылы аяқтау жоспарланған. Нәтижесінде 30 жаңа жұмыс орны ашылады.
Келес ауданының географиялық орналасуы логистика саласын дамытуға ерекше мүмкіндік береді. Аудан Қазақстанның Өзбекстанмен шекаралас аумағында орналасқан. Сонымен қатар аудан арқылы өтетін күре жолдар өңірлер арасындағы көлік байланысын қамтамасыз етіп, жүк тасымалы мен логистикалық қызметтерді дамытуға негіз болып отыр.
Осы мүмкіндікті ескере отырып, аудан аумағында көлік-логистикалық инфрақұрылымды кеңейтуге бағытталған жобаларға басымдық берілуде.
Жәнібек Ағыбаев нысанды аралау барысында жобаның аудан үшін маңыздылығына тоқталды.
«Келестің шекаралық аумақта орналасуы және күре жолдардың бойында орналасқан тиімді географиялық жағдайы – үлкен экономикалық мүмкіндік. Бұл артықшылықты тиімді пайдаланып, көлік-логистика саласын дамытуымыз керек. Жаңа логистикалық нысандардың іске қосылуы жүк айналымын арттырып қана қоймай, кәсіпкерлік белсенділік пен жұмыспен қамтуға да оң әсер етеді», – деді аудан әкімі.
Жобаның іске қосылуы Келес ауданындағы логистикалық инфрақұрылымды дамытуға, көлік қызметтерінің көлемін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.