КЕЛЕС ЖАСТАРЫ ӨЗ ҰСЫНЫСТАРЫН АШЫҚ АЙТТЫ

КЕЛЕС ЖАСТАРЫ ӨЗ ҰСЫНЫСТАРЫН АШЫҚ АЙТТЫ
Келес ауданында 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевтың ауданның белсенді жастарымен ашық кездесуі өтті. Еркін пікір алмасу форматында ұйымдастырылған жүздесуге талантты әрі белсенді жастар, жас кәсіпкерлер, блогерлер мен спортшылар қатысты.
Кездесу барысында жастар өздерін толғандырған мәселелерді ашық айтып, көкейдегі сауалдарын аудан әкіміне тікелей жолдады. Өз кезегінде аудан басшысы ұсыныстарды тыңдап, көтерілген мәселелер бойынша жауап берді. Жастармен жүздесуде кәсіпкерлікті дамыту, спорт пен шығармашылыққа қолдау көрсету, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласу, жастардың тың бастамаларын жүзеге асыру және олардың әлеуетін тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.
Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев жастардың қоғамдағы рөліне тоқталып, олардың бастамаларына қолдау көрсету маңызды екенін атап өтті.
— Жастар – елдің болашағы ғана емес, бүгінгі қоғамның белсенді қозғаушы күші. Келес ауданында өз кәсібін бастап, спортта, мәдениетте, білім мен қоғамдық жұмыстарда жетістікке жетіп жүрген жастарымыз көп. Біз олардың әрбір бастамасын қолдауға дайынбыз. Себебі белсенді әрі білімді жастардың әлеуеті – ауданымыздың дамуына серпін беретін үлкен күш, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар кездесуде ауданның түрлі салаларында жетістікке жетіп жүрген жастардың еңбегі атап өтіліп, олардың тәжірибесін жастар арасында насихаттаудың маңыздылығы айтылды. Жүздесу соңында жастар аудан басшысына өз ұсыныстарын жеткізіп, алдағы уақытта бірлескен жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруға ниетті екенін білдірді.