Келес ауданының әкімдігінде кадрлық тағайындау өтті. Мырзамуратов Мақсат Құлахметұлы Келес ауданы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Жаңа орынбасарды аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев аудан активіне таныстырып, оған жетекшілік ететін салалар бойынша бірқатар нақты міндеттер жүктеді.
Мақсат Мырзамуратов мемлекеттік қызмет саласында мол тәжірибеге ие. Ол еңбек жолын 2014 жылы Сарыағаш ауданының Ошақты ауылдық округі әкімі аппаратының инфрақұрылым, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және мемлекеттік меншік мәселелері бойынша жетекші маманы болып бастаған. Кейін Абай ауылы әкімі аппаратында түрлі лауазымдарда, Келес ауданы әкімі аппаратында ұйымдастыру, мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі, ақпараттандыру және персоналды басқару бағыттарында қызмет атқарған.
2024 жылдың қарашасынан 2026 жылдың тамызына дейін Келес ауданы Ошақты ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып, жергілікті атқарушы орган жұмысын ұйымдастыруда тәжірибе жинақтады.
Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев жаңа орынбасардың тәжірибесін атап өтіп, алдағы жұмыста аудан тұрғындарының өтініштері мен талап-тілектеріне баса назар аударудың маңыздылығын жеткізді.
— Мақсат Құлахметұлы, сіз аудан әкімдігінің құрылымында әртүрлі бағыттарда қызмет атқарып, ауылдық округ әкімі ретінде де тәжірибе жинақтадыңыз. Ендігі міндет – осы тәжірибені аудан көлеміндегі жұмыстарды сапалы ұйымдастыруға бағыттау. Жетекшілік ететін салалар бойынша нақты нәтижеге қол жеткізіп, халықтың талап-тілегіне уақытылы жауап беруге, қолға алынған жұмыстардың сапалы әрі жүйелі орындалуын қамтамасыз етуге басымдық беріңіз, – деді Жәнібек Ағыбаев.
Аудан басшысы жаңа орынбасарға жауапты бағыттар бойынша жұмысты күшейтіп, тиісті бөлімдердің өзара үйлесімді жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.