10 тамыз – қазақтың ұлы ақыны, ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай Келес ауданында «Абай – қазақтың Ұлы Ұстазы» атты тағылымды іс-шара өтті. Іс-шара алдымен Абай Құнанбайұлы атындағы аллеяда басталды. Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев бастаған шараға қатысушылар ұлы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Сондай-ақ Абайдың рухына бағышталып Құран оқылды.
Одан кейін тағылымды шара Мәдениет үйінде жалғасты. Жиын барысында Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған бейнеролик көрсетіліп, ұлы ойшылдың рухани мұрасы кеңінен насихатталды. Мәдениет үйіндегі бағдарламада Абайдың әндері орындалып, өлеңдері мәнерлеп оқылды. Атап айтқанда, «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық-ай», «Айттым сәлем, Қаламқас» әндері шырқалды. Сонымен қатар «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап», «Ғылым таппай мақтанба», «Қыс», «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» өлеңдері оқылды.
Шара барысында «Менің есімім Абай» атты бейнеролик көрсетіліп, ақынның өмірі мен шығармашылығын жас ұрпаққа таныстыруға ерекше мән берілді. Жиында сөз алған Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Абай мұрасының ұлт руханиятындағы маңызына тоқталды.
— Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы – халқымыздың рухани қазынасы. Ұлы ақын өз шығармаларында елді білімге, ғылымға, еңбекке және адамгершілікке үндеді. Абайдың әрбір сөзі мен тағылымды ойы бүгінгі ұрпақ үшін де маңызды. Ұлы ақынның мұрасын дәріптеу – жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды насихаттаудың, білім мен ізгілікке тәрбиелеудің маңызды жолы. Сондықтан Абайдың өнегелі өмірі мен шығармашылығын насихаттау жұмыстарын жалғастыра беруіміз қажет, – деді аудан әкімі.
Іс-шара соңында белсенді қатысушылар марапатталып, Абай мұрасын ұлықтауға арналған тағылымды шара қорытындыланды. Абай мұрасы – қазақ руханиятының алтын қазығы. Ұлы ойшылдың ғылым мен білімге, еңбекке, адамгершілікке үндеген тағылымды ойлары уақыт өткен сайын құндылығын арттыра түсуде.