Келес ауданында ұлы ойшыл, түркі әлемінің рухани көшбасшысы Қожа Ахмет Яссауидің бай мұрасын кеңінен дәріптеуге арналған «Яссауи керуені» ғылыми-танымдық семинары өтті. Түркістан облысы әкімінің бастамасымен өңірдің барлық қала-аудандарында ұйымдастырылып жатқан тағылымды жоба аясындағы басқосуға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Аудан басшысы өз сөзінде Қожа Ахмет Яссауи мұрасын насихаттау – ұлттық құндылықтарды сақтап, жас ұрпақтың бойына имандылық, адамгершілік, әділеттілік пен парасаттылық қасиеттерін сіңірудің маңызды бағыты екенін атап өтті. Сондай-ақ мұндай ғылыми-танымдық кездесулер ұлттық руханиятты жаңғыртып, жастардың тарихи танымын тереңдетуге және елдік құндылықтарды ұлықтауға зор үлес қосатынын жеткізді.
Семинар барысында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің жетекші ғалымдары мазмұнды баяндамалар жасап, ұлы ойшылдың рухани-философиялық мұрасы мен оның бүгінгі қоғамдағы маңызына жан-жақты тоқталды. Жиын барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, Қожа Ахмет Яссауи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеу, оны жас ұрпаққа кеңінен таныту және ұлттық тәрбиемен сабақтастыра насихаттау бағытындағы ұсыныстарын білдірді.
Семинар соңында Жәнібек Есенұлы арнайы келген ғалымдар мен қонақтарға алғыс айтып, мұндай тағылымды кездесулердің қоғамның рухани дамуына тың серпін беретінін атап өтті. Сонымен қатар, Қожа Ахмет Яссауи мұрасын дәріптеу – елдің рухани тұтастығын нығайтып, ұлттық болмысты сақтаудың маңызды тетігі екенін жеткізді. Тағылымға толы басқосу Яссауи ілімін кеңінен насихаттауға, ұлттық руханиятты ұлықтауға және өскелең ұрпақтың тарихи-рухани танымын байытуға бағытталған маңызды алаңға айналды.