
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы дайын құжаттарды ХҚКО-дан жеткізу сервисі қолжетімді болатын мемлекеттік қызметтердің тізімін кеңейтіп жатыр. Алдағы бір ай ішінде бұл қызметтер қатарына жылжымайтын мүлікті тіркеу, заңды тұлғаларды тіркеу және тарату, сондай-ақ білім беру саласындағы жекелеген мемлекеттік қызметтер қосылады. Бұл азаматтарға дайын құжаттарды алу үшін ХҚКО-ға қайта бармай-ақ, оларды көрсетілген мекенжай бойынша қабылдауға мүмкіндік береді.
Бүгінде 15 мемлекеттік қызмет түрі бойынша дайын құжаттарды жеткізуге тапсырыс беруге болады. Олардың қатарында мұрағаттық анықтамалар беру, баланың тууын және некенің бұзылуын тіркеу, азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді қалпына келтіру және куәліктерді қайта беру, білім туралы құжаттардың телнұсқаларын беру, сондай-ақ ресми құжаттарға апостиль қою қызметтері бар.
Құжаттарды жеткізу сервисіне тапсырысты мемлекеттік қызметті рәсімдеу кезінде беруге болады. Сервис ақылы негізде көрсетіледі. Республикалық маңызы бар қалаларда, яғни Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қызмет құны 2 061 теңгені, ал басқа өңірлерде 1 036 теңгені құрайды.
Құжат дайын болған кезде қызмет алушының телефон нөміріне 1414 нөмірінен бірегей растау коды көрсетілген SMS-хабарлама келеді. Қауіпсіздік мақсатында бұл кодты курьерге құжатты алған сәтте ғана хабарлау қажет. Код дайын құжаттың тікелей өтініш берушінің өзіне табысталғанын растау үшін қолданылады. Сонымен қатар, құжатты алу кезінде жеке куәлікті көрсету қажет.
Мемлекеттік корпорация үшін цифрлық сервистерді дамыту және мемлекеттік қызметтерді азаматтарға барынша қолайлы форматта ұсыну – негізгі бағыттардың бірі. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы азаматтардың уақытын үнемдеуге, қызмет алу үдерісін жеңілдетуге және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беретін заманауи шешімдерді енгізуді одан әрі жалғастырады.