Келес ауданында отбасы құндылықтарын дәріптеп, ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып жүрген көпбалалы аналарға құрмет көрсетілді. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы қабылдау өткізіп, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларын салтанатты жағдайда табыстады.
Марапаттау рәсімінде аудан басшысы ананың қоғамдағы рөлі мен отбасы институтын нығайтудағы ерекше еңбегіне тоқталып, көпбалалы аналарды қолдау – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– Ана тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Балаға берілетін алғашқы тәрбие – ананың ақ сүтімен, ақыл-парасатымен қалыптасады. Сіздердің мейірімдеріңіз бен қажырлы еңбектеріңіздің арқасында елдің ертеңі болатын білімді, тәрбиелі ұрпақ өсіп келеді. Мемлекет әрдайым көпбалалы аналарды қолдауға басымдық береді. Баршаңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңызға бақ-береке, ұрпақтарыңыздың қызығын көруді тілеймін, – деді Жәнібек Есенұлы.
Бұл жолы Келес ауданынан 21 ана мемлекеттік марапатқа ие болды. Оның ішінде 6 анаға «Алтын алқа», ал 15 анаға «Күміс алқа» төсбелгілері табысталды. Бұл марапат – тек аналардың ғана емес, берекелі отбасының, ұрпақ тәрбиесіне деген адал еңбектің жоғары бағалануы.
Салтанатты жиында марапат иелері де сөз алып, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлық пен қолдау үшін алғыстарын білдірді. Сонымен қатар ауданның өсіп-өркендеуіне тілектестіктерін жеткізіп, жас отбасыларға үлгі боларлық ізгі тілектерін айтты.
Мерекелік іс-шара барысында ауданның мәдениет саласы қызметкерлері әсем әндер орындап, аналарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Жылы жүздесу мен марапаттау рәсімі көпшіліктің жүрегінен орын алған тағылымды кездесу болды.
Айта кетерлігі, бүгінде Келес ауданында 5 446 «Батыр ана» тұрады. Бұл – ауданымызда отбасы құндылықтарының берік сақталып, көпбалалы отбасыларға көрсетілетін қолдаудың нәтижелі жүзеге асып келе жатқанын айғақтайтын маңызды көрсеткіш.