КЕЛЕСТЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

КЕЛЕСТЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Келес ауданы әкімдігі жанынан құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға аудан әкімі, комиссия төрағасы Жәнібек Ағыбаев төрағалық етті. Басқосуда ағымдағы жылдың екінші тоқсанына арналған жоспарға сәйкес екі өзекті мәселе қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Өмірсерік Алтынбаев кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы салаларында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Баяндама барысында мемлекеттік қызметтердің ашықтығын қамтамасыз ету, кәсіпкерлермен кері байланысты нығайту, заң талаптарының сақталуын бақылау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету бағытында қолға алынған шараларға тоқталды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің бас маманы Мұқағали Омаров білім беру саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берді. Ол білім беру ұйымдарында ашықтық пен әділдік қағидаттарын сақтау, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, азаматтардың өтініштерімен жұмысты жетілдіру және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Комиссия мүшелері баяндамаларды талқылап, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыру, мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау бойынша жұмыстарды тұрақты негізде жалғастыру қажеттігі айтылды. Отырыс қорытындысы бойынша көтерілген мәселелерге қатысты тиісті ұсынымдар қабылданып, жауапты бөлімдер мен мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді.