IQanat олимпиадасының республикалық кезеңі қорытындыланып, Келес ауданының дарынды оқушылары жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Олимпиада қорытындысы бойынша ауданның бірнеше оқушысы IQanat білім беру жобасының гранттары мен арнайы бағдарламаларының иегері атанып, сапалы білім алуға жолдама алды. Атап айтқанда, №20 Т.Бердияров атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушысы Раушан Нұрсұлтан мен №31 Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушысы Құттыбек Ақерке IQanat High School грантының иегері атанды.
Сонымен қатар, №21 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Балтабай Алтынбек демеушілер тарапынан бөлінген арнайы атаулы IQanat High School грантын жеңіп алып, Бурабайдағы IQanat High School of Burabay мектебінде тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Грант иегерлері алдағы уақытта IQanat High School of Burabay мектебінде заманауи талаптарға сай білім алып, жан-жақты дамуға, академиялық және көшбасшылық қабілеттерін жетілдіруге мүмкіндік алады. Республикалық кезең қорытындысы бойынша тағы екі аудан оқушысы IQ Advance бағдарламасына қабылданды. Атап айтқанда, №65 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Олжақұл Жансезім мен №54 Т.Рысқұлов атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушысы Жақан Нұрайым аталған бағдарламаның иегері болды.
IQ Advance бағдарламасы оқушыларды Қазақстанның және әлемнің жетекші жоғары оқу орындарына түсуге кешенді түрде дайындайды. Бағдарлама аясында қатысушылар IQanat High School of Burabay кампусында екі апталық интенсивті оқу сессияларынан өтеді, қашықтықтан білім алу мүмкіндігімен қамтамасыз етіледі, Ұлттық бірыңғай тестілеуге, IELTS, TOEFL және басқа да халықаралық емтихандарға жүйелі дайындықтан өтеді. Сонымен қатар, тәжірибелі кураторлар мен кәсіби бағдар мамандарының қолдауына ие болып, қажетті заманауи техникалық құралдармен қамтамасыз етіледі. Аудан оқушыларының бұл жетістігі – олардың білімге деген ұмтылысы мен табанды еңбегінің, сондай-ақ ұстаздарының кәсіби шеберлігі мен ата-аналардың қолдауының нәтижесі. Жас дарындардың алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, ел мерейін үстем ете беретініне сенім мол.