Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай ақпарат саласының мамандарына арналған қабылдау өткізді. Басқосуға аудандағы медиа саласының өкілдері, жергілікті басылымдардың бас редакторы мен қызметкерлері қатысты.
Кездесуде аудан әкімі ақпарат саласы өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғамдық-саяси өміріндегі жаңалықтарды халыққа жедел әрі шынайы жеткізудегі еңбектеріне алғысын білдірді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің БАҚ өкілдерін қабылдап, «Журналистер қауымы – ең алдымен қоғамның жаршысы әрі шынайы жанашыры» деп ерекше атап өтті. Бұл – ақпарат саласы мамандарына берілген жоғары баға. Өңіріміздегі жаңалықтар, маңызды оқиғалар, рухани-мәдени құндылықтар мен өзекті мәселелер ақпарат құралдары арқылы көпшілікке жол тартады. Осы жолда ауданымыздың абыройын асқақтатып, жетістіктерін насихаттауға үлес қосып жүрген барша ақпарат саласының қызметкерлеріне шынайы ризашылығымды білдіремін, — деді аудан әкімі Жәнібек Есенұлы.
Айтулы датаға орай сала қызметкерлеріне аудан әкімінің «Алғыс хаты» мен мерекелік сыйлықтары табысталды. Айта кетейік, ауданның тыныс-тіршілігін дөп басып, халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған «Келес келбеті» газеті мен «Сәт» телеарнасы – өңірдегі ақпараттық кеңістіктің ажырамас бөлшегі. Келес ауданының жарқын болашағы жолындағы әрбір бастама мен жетістікті қалың көпшілікке жеткізуде, ақпарат майталмандарының рөлі ерекше.