Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев Келес ауданына жұмыс сапарымен келіп, Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Ескіқорған елді мекеніндегі білім беру нысандарының жағдайымен танысты.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімінің орынбасары №45 бастауыш мектептің қазіргі жай-күйін көріп, елді мекенде жаңа мектеп салу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың баяндамасын тыңдады.
Аудан әкімінің мәліметінше, жаңа мектеп құрылысына арналған жер телімі белгіленіп, жобалық-сметалық құжаттама толық әзірленген. Жоба мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алып, салалық басқарма арқылы республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылған. Қазіргі таңда қаржы бөлу мәселесі қаралуда.
Қауіпсіздік талаптарына сәйкес, №45 бастауыш мектептің 1–4 сыныптарында білім алатын 56 оқушы мен мектепалды даярлық тобындағы 10 тәрбиеленуші арнайы тасымал арқылы Бозсу елді мекеніндегі №43 «Болашақ» жалпы орта мектебіне қатынап оқуда. Ал Ескіқорған елді мекенінің 5–11 сыныптарындағы 326 оқушы осы білім ордасында бұған дейін де білім алып келеді.
Нысанды аралау қорытындысында Еркебұлан Дауылбаев жауапты сала басшыларына жаңа мектеп құрылысына қатысты ұйымдастыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруды, сондай-ақ жобаны қаржыландыру мәселесін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.