Келес ауданында заңсыз құрылыстардың алдын алу және сәулет-қала құрылысы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Аудан аумағындағы ауылдық округтерде жүргізілген кезекті бақылау барысында құжаттары толық рәсімделмеген әрі қызыл сызық талаптарын бұза отырып салынған құрылыс нысандары анықталды. Жауапты мамандар мен ауыл әкімдері нысан иелерімен кездесіп, қолданыстағы заңнама талаптарын жан-жақты түсіндірді.
Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде заң талаптарын бұзған нысан иесі өз еркімен заңсыз құрылысты бұзуға келісім берді. Қазіргі таңда нысан ішіндегі мүліктерін шығару үшін қысқа мерзім беріліп, кейін құрылыс толықтай бұзылды.
Бұл – түсіндіру жұмыстарының нақты нәтижесін көрсететін оң мысал. Заң талаптарын дер кезінде орындау азаматтарды қосымша шығындардан және әкімшілік жауапкершіліктен сақтайды.
Келес ауданында сәулет және қала құрылысы саласындағы заң талаптарының орындалуын бақылау, сондай-ақ тұрғындар мен кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізу алдағы уақытта да барлық ауылдық округтерде тұрақты түрде жалғасатын болады.