КЕЛЕС АУДАНЫНДА КОНСУЛЬТАТИВТІК-КЕҢЕСШІ ОРГАНДАРДЫҢ ҚҰРАМЫ ӨЗЕКТЕНДІРІЛДІ

КЕЛЕС АУДАНЫНДА КОНСУЛЬТАТИВТІК-КЕҢЕСШІ ОРГАНДАРДЫҢ ҚҰРАМЫ ӨЗЕКТЕНДІРІЛДІ
Келес аудандық мәслихатының сегізінші шақырылымдағы кезектен тыс отыз жетінші сессиясы өтті. Мәслихат төрағасының міндетін уақытша атқарушы Нұрхан Мережеповтің төрағалығымен өткен сессияға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, аудандық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар мен мекемелердің басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты. Сессияның күн тәртібіне аудан әкімдігі жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың құрамына өзгерістер енгізуге қатысты бірқатар мәселелер шығарылды.
Атап айтқанда, жер комиссиясының, құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның және терроризмге қарсы іс-қимыл комиссиясының құрамдарына өзгерістер енгізіліп, жаңартылған құрамдар бекітілді. Сонымен қатар, Келес ауданына қарасты бірқатар округтік және учаскелік сайлау комиссияларының құрамына кандидатуралар ұсыну мәселесі қаралды.
Күн тәртібіндегі барлық мәселелер депутаттар тарапынан жан-жақты талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды. Жиын барысында аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев сөз сөйлеп, ауданның тұрақты дамуы мен мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруда консультативтік-кеңесші органдардың жұмысы маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ, комиссиялардың құрамын қолданыстағы талаптарға сәйкес өзектендіру олардың қызметінің ашықтығы мен нәтижелілігін арттыруға ықпал ететінін айтып, қабылданған шешімдердің сапалы орындалуының маңыздылығына тоқталды.
Сессия қорытындысында қабылданған шешімдер аудан әкімдігі жанындағы комиссиялардың қызметін жетілдіруге, олардың құрамын қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес өзектендіруге және мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға бағытталғаны атап өтілді.