ШАБДАЛЫ ПІСТІ: КЕЛЕСТЕГІ ЖАҢА ЖОБА АЛҒАШҚЫ НӘТИЖЕСІН БЕРДІ

ШАБДАЛЫ ПІСТІ: КЕЛЕСТЕГІ ЖАҢА ЖОБА АЛҒАШҚЫ НӘТИЖЕСІН БЕРДІ
Келес ауданында қарқынды бау-бақша шаруашылығын дамыту бағытында қолға алынған жаңа жоба алғашқы нәтижесін бере бастады. Алпамыс батыр ауылдық округінде орналасқан «Ұлы Дала–2017» ауыл шаруашылығы кооперативі отырғызған шабдалы көшеттері жеміс салып, алғашқы өнім пісіп жетілді. Жобаны жүзеге асырып отырған кәсіпкер, кооператив төрағасы Нұржан Омаровтың айтуынша, шаруашылықта заманауи агротехнологиялар қолданылып, ағаштардың жерсінуіне және сапалы өнім беруіне барлық жағдай жасалған.
Бүгінде бақта өсірілген шабдалының бірнеше сұрыпы өнім беріп, жергілікті нарыққа шығаруға дайындалуда. Шаруашылықта тамшылатып суару жүйесі енгізіліп, қажетті инфрақұрылым толық жасақталған. Бұл өз кезегінде жеміс ағаштарының өнімділігін арттыруға оң әсерін тигізуде.
– Біз бұл жобаны қолға алғанда негізгі мақсатымыз ауылда интенсивті бау-бақша шаруашылығын дамыту болатын. Бүгін алғашқы нәтижесін көріп отырмыз. Келес ауданының табиғи-климаттық жағдайы жеміс өсіруге өте қолайлы. Сондықтан жерді тиімді пайдаланамын деген азаматтарға тәжірибемізбен бөлісуге және қажетті көмегімізді көрсетуге дайынбыз. Ауыл тұрғындарын табысты бау-бақша шаруашылығымен айналысуға шақырамын, – дейді Нұржан Омаров.
Кәсіпкердің айтуынша, алдағы уақытта бақ көлемін ұлғайтып, шабдалымен қатар шие мен элиталық жүзім өндірісін дамыту жоспарланып отыр. Бұл өңірдегі жеміс-жидек өндірісін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығын әртараптандыруға бағытталған бұл жоба Келес ауданында жерді тиімді игерудің және заманауи бақ өсірудің нақты үлгісіне айналып келеді. Мамандардың пікірінше, осындай бастамалар ауданның аграрлық әлеуетін күшейтіп, тұрғындардың табысын арттыруға оң ықпал етеді. Келес ауданында бүгінде жерді тиімді пайдалану мен интенсивті бақ шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда.