Келес ауданында 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев қатысып, мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүрген мамандарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Іс-шара барысында мемлекеттік қызмет қатарына жаңадан қабылданған жас мамандар Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшісінің антын қабылдап, ел мен халыққа адал қызмет етуге серт берді. Бұл – олардың мемлекеттік қызметтегі жауапты жолының бастауы болды.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев мемлекеттік қызметтің қоғам дамуындағы ерекше рөліне тоқталып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мен мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы қызметшілердің еңбегін жоғары бағалады.
— Мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілік пен адалдықты талап ететін маңызды сала. Халықтың билікке деген сенімі әрбір мемлекеттік қызметшінің кәсіби біліктілігіне, мәдениеті мен жауапкершілігіне байланысты қалыптасады. Сіздер ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, тұрғындардың мәселелерін шешу жолында аянбай еңбек етіп келесіздер. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтап, қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді аудан басшысы.
Мерекелік жиынның ерекше сәттерінің бірі – мемлекеттік қызметшілердің ата-аналарына құрмет көрсетілуі болды. Қоғам игілігі жолында еңбек етіп жүрген білікті мамандарды тәрбиелеп өсірген бірқатар ата-аналарға аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталып, ризашылық білдірілді. Бұл отбасы тәрбиесінің маңызын айқындап, елге қызмет ететін саналы ұрпақ қалыптастырудағы ата-аналардың еңбегіне көрсетілген құрмет болды.
Сондай-ақ ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып жүрген бірқатар мемлекеттік қызметшілер аудан әкімінің Алғыс хаттарымен, грамоталарымен марапатталды.