
2026 жылғы 19 маусым күні Келес ауданы әкімдігі аппаратының мәжіліс залында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдау қорытындылары бойынша жария талқылау жиыны өткізілді. Аталған жиынға жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын аудандық жергілікті атқарушы органдардың (дербес бөлімдердің) басшылары, ауыл және ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ жауапты мамандар қатысты.
Жария талқылау барысында аудан көлеміндегі 7 дербес бөлім мен 12 ауыл және ауылдық округ әкімдіктерінде 2025 жылға және 2026 жылдың өткен кезеңіне жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау нәтижелері негізінде әзірленген талдау анықтамасының алдын ала жобасы қаралды. Талдау жұмыстары мемлекеттік қызметтерді көрсету, бюджеттік қаражатты игеру, мемлекеттік сатып алу рәсімдері, кадрлық мәселелер және өзге де қызмет бағыттары бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға бағытталды.
Жиын барысында қатысушыларға жүргізілген ішкі талдаудың негізгі нәтижелері таныстырылып, анықталған тәуекелдер мен оларды жоюға бағытталған ұсыныстар талқыланды. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар қызметіндегі ашықтықты арттыру, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында қабылдануы тиіс шаралар бойынша пікір алмасу жүргізілді.
Қатысушылар тарапынан ұсыныстар мен ескертулер айтылып, олар талдау анықтамасының қорытынды нұсқасын әзірлеу барысында ескерілетін болды. Жария талқылау рәсімі ішкі талдау нәтижелерінің ашықтығын қамтамасыз етуге және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кету қажет, Келес ауданы әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның алдағы отырыстарында жүргізілген ішкі талдау қорытындылары және анықталған тәуекелдерді жою бойынша берілген ұсынымдардың орындалу барысы қаралатын болады.